147 мектеп кең жолақты интернетке қосылған

Screenshot_5.png

Шымкентте қоғамдық көліктерде электрондық билеттеу жүйесі енгізіліп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын цифрландыру аясында 3 жоба («Ақылды квартал», «Тұрғын үйлерге IoT элементтерін енгізу», «IoT элементтерін әлеуметтік нысандарға енгізу») іске асырылды. Білім саласы бойынша Egov (Е-акимат) порталы арқылы 8, «indigo24.kz», «school.shymkent.edu.kz», «college.snation.kz», «Mindal», «HR-Process» қызметтері автоматтандырылып, 147 мектеп кең жолақты интернетке қосылған. Бұл туралы  Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте  Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының цифрландыруды жүзеге асыру мониторингі бөлімінің басшысы Н. Ботабаев айтты.

Баспасөз мәслихатында Нұрбек Қасымбекұлы басқарма тарапынан атқарылған жұмыстарды баяндады.

– Өткен жылдан бастап қаланы сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып, 3 кезеңге бөлінді. Алғашқы кезеңде қаладағы шағынаудандар мен тұрғын алаптар аумағына 11 базалық станция орнатылды. Биыл 2-кезеңінде 14 жер қарастырылып, координаталары мобильді байланыс операторларымен келісілді. Оның ішінде жеке инвестор қаражатынан 8 жерге (А2 трассасы, Аэропорт маңы, Солтүстік-Батыс, Қайнарбұлақ, Тассай, Құрсай, Р32 трассасы, Ынтымақ шағын аудандары) базалық станциялар орнатылады, ал 6 елдімекенге (Абдулабад, Забадам, 226 орам, Асар, Самал-3, Достық ш/а) орнату жұмыстары операторлар тарапынан коммерциялық нысан иелерімен келісу арқылы орнатылмақ, – деді бөлім басшысы.

Спикердің сөзінше, аталғандардан бөлек, қала аумағынан шалғай орналасқан тұрғын алаптар мен шағынаудандарға жеке инвесторлар тартылып, талшықты-оптикалық желі жүргізу жұмыстары қарастырылған. Бүгінде қалада интернет сапасы төмен 30 тұрғын алап анықталған. Бұл ретте, оларға оптика тарту жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, қала қауіпсіздігін арттыру мақсатында SOS батырмасының қойылатын нүктелері анықталып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері басталды. Ал Жангелдин көшесіне ақылды жаяу жүргінші жобасы қойылды. Бүгінде 3D жол шектеу белгілерін пилоттық режимде орнату жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органның қалалық қызметтер мен сервистердің орталықтандырылған порталы құрылуда.