Жастар практикасы – жұмыс табуға мүмкіндік

Screenshot_7.png

Жас түлектердің дипломын қолына ала салып жұмыс табуы қиын. Сол себепті жастардың көбісі өз саласынан алшақ кетіп, түрлі ұсақ-түйек жұмыстарға барып жатады. Жастардың жұмысқа орналасуына тағы бір кедергі - ол тәжірибені болмауы. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін елімізде "Жастар практикасы" бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып келеді.

  Аталмыш бағдарлама арқылы жастарды жұмыспен қамту Шымкент қаласында да белсенді жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламаның жемісін көрген жастардың бірі – Ақерке Әбсаттар. Жас маман жоғарғы оқу орнын «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Әлеуметтік желіден «Жастар практикасы» туралы хабарландыруды көріп, жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеледі. Кейін «Фемида» колледжіне жастар практикасы бағдарламасымен 6 ай мерзімге жұмысқа жолданды.

Жалпы,«Жастар практикасы» уақытша жұмыс орны болып есептелінеді. Жас мамандар үшін тәжірибе жинақтап, жұмысқа орналасуға зор мүмкіндік. Аталған бағдарламаға 29 жастан аспаған «жұмыссыз» мәртебесі бар және соңғы үш жыл ішінде (2019,2020,2021ж) жоғарғы оқу орындары мен колледждердің түлектері қатыса алады.

Жалақысы 25 айлық есептік көрсеткішті (72 925 тг) құрайды. Ескерте кететін жәйт, бұл бағдарламаға тек бір рет қатысуға болады.

Мамандардың айтуынша Шымкентте жыл соңына дейін «Жастар практикасымен» 2500 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Жыл басынан бері 800-ден аса шымкенттік жас аталған бағдарламамен түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға жолданды.