Биыл 250 аялдама орнатылады
Шымкентте соңғы жылдары жол құрылысы қарқынды. Тиісінше, аялдамалар да назардан тыс қалған емес. Павильондар жаңа типке көшуде. Өткен жылы шаһардағы 260 павильон толықтай жаңартылған. Ал, ағымдағы жылы жауаптылар 250 аялдама орнатуды жоспарлап отыр.
"Жыл сайын ескі аялдамаларды жаңа типтегі аялдамаларға ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.Жоспар бойынша алдағы 3 жылда аялдама, павильондармен қамтылмаған аумақтарды түгелімен қамтитын боламыз. Бұл жұмыстарға жылына 600 миллион теңге қаржы қаралды",- дейді – Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұрбол Лесов.
Бұл жылдағы жаңалықтың бірі – «ақылды аялдама». Ерекше павильон толығымен жабық. Ішінде салқындатқыш, бейнекамера, тегін интернет қарастырылған. Пилоттық режимде жүзеге асқан «Ақылды аялдама» жобасы жеке инвестор қаражаты есебінен салынған. Ал, алдағы уақытта жоба оң нәтиже берген жағдайда, ақылды аялдамалардың санын арттыру қарастырылған, - дейді мамандар.
"Бұл аялдамалардың ерекшелігі көп. Мәселен, сырттағы ауа температурасы -10 градус болған жағдайда жылу жүйесі бірден іске қосылатын көрінеді. Бәрі де «Ақылды қала» жүйесіне қосылған". Бұл "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының жемісі", - дейді Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының жетекші маманы Бақытжан Мамбетқұлов.