Білім ошақтары алғашқы қоңырауға дайын ба?

Screenshot_27.png

Бүгінде Шымкентте 32 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 20 мектеп жыл соңына пайдалануға беріледі. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бастаған салаға жауаптылар білім нысандарының жаңа оқу жылына дайындығын пысықтады.

Жұмысшы топ алдымен Тоғыс тұрғын алабында орналасқан N-120 жалпы орта мектепке барып, 300 орындық қосымша оқу корпусының құрылысын көрді. Айта кетейік, мұнда бүгінде құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған, шілде айынан бастап абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Білім ғимаратын уақтында тапсыруды ескерткен Шыңғыс Жұмабекұлы құрылысшыларға еңбек қауіпсіздігін сақтауға да ерекше мән беруді тапсырды. Сайрам тұрғын үй алабы аумағында орналасқан жалпы алаңы 3,5 га алып жатқан 120 орындық білім нысанының қосымша құрылысы да қызу жүргізілуде. Құрылыс барысына қаныққан қала басшысының бірінші орынбасары құрылыс сапасына ден қоюды жүктеді

Сондай-ақ қала әкімінің бірінші орынбасары мердігерлерге ғимаратты әрлеу жұмыстары кезінде дизайнер мамандарымен тығыз байланыста жұмыс жүргізуді тапсырды. Сайрам шағынауданындағы 300 орындық мектептің құрылысын да көзбен көрді. Құрылысшыларға өндірістік кестеден кешікпей, білім ғимаратын 1-тамызға  дейін  тапсыру қажеттігін ескертті.

  «Бүгінде біздің алдымызда екі бірдей міндет тұр. Бірі – білім сапасын көтеру болса, екіншісі – мұғалімдердің біліктігін арттыру. Бұл ретте инфрақұрылымның да маңызы айрықша. Қала әкімі М.Әйтенов бекіткен жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін қалада72 мектеп бой көтереді. Биылғы жылдың өзінде 32 мектеп құрылысы жүргізіліп, жыл соңында 10 222 орынға арналған 20 мектеп пайдалануға берілгелі отыр»,- деді Шыңғыс Мұқан.

Сайрам тұрғын алабы аумақтағы екі білім ошағында да бала саны  шамадан артып кеткен. Үш ауысымды оқыту қаупін алдын алу үшін заманауи талапқа сай бой көтерген 475 орындық «Яссауи» жекеменшік мектепті жаңа оқу жылына іске қосу жоспары тұр.

 «Қазіргі таңда, қаламызда үш ауысымда 14 мектеп бар және 21 мектептің бала толымдылығы шамадан артып, үш ауысымдық оқуға ауысу қаупі туындап отыр. Биылғы ел игілігіне берілетін мектеп құрылыстарының нәтижесінде, апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға азаяды. Жалпы үш ауысымдағы мектептер мәселесін шешу 2023 жылға жоспарлануда»,- дейді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева.

Жыл соңына дейін қолданысқа берілетін 20 білім ошағының 4-уі – мемлекеттік, қалғаны - жекеменшік.  Жалпы, Шымкент қаласында жылдан-жылға халықтың демографиялық өсімі байқалуда. Сәйкесінше білім нысандарына деген сұраныс артып келеді. Есесіне, еліміздегі жеке инвесторлардың есебінен салынып жатқан мектептер саны бойынша бүгінде Шымкент көш бастап тұр.