Жастарға жұмыс көп
Шымкент – жастардың қаласы. Бүгінгі таңда қала тұрғындарының саны 1 090 200 адамға жетті. Олардың ішінде жастардың үлесі жалпы халық санының 22,2%-ын құрайды. Яғни үшінші мегаполисте 239 443 жас бар. Қай жағынан қарасаңыз да олар шаһардың кез келген өзекті мәселесінің бел ортасында жүреді. Жыл сайын жастар арасында секцияларға, үйірмелерге, бірлестіктерге, ұйымдарға қатысушылар саны артып келеді. Бұл – қуантарлық жайт. Мәселен, жастар ресурстық орталығы жүргізген сауалнаманың қорытындысына сүйенсек, жастардың 76,9% түрлі үйірме және секцияға барып, спортпен айналысады.
Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ерлан Айтбаев жастардың арасында ең өзекті болып отырғаны – жұмыссыздық мәселесі дейді. Орталықтың негізгі міндетінің бірі – жастардың арасындағы жұмыссыздықты азайту. Осы мақсатта «Жастарға қызмет көрсету» бөлімі жұмыс істейді. Бөлім жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне терең талдау мен зерттеу жүргізіп, сараптап отырады.
«Мемлекет жастардың жұмыспен қамтылып, еліміздің дамуына үлес қосуына мейлінше тетіктерді қарастыруда. Бүгінде жастар саясаты саласында əлеуметтік маңызы бар «Дипломмен – ауылға!», «Жастар кадрлық резерві», «Жастар тəжірибесі», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы сияқты жақсы бағдарламалар бар. Осы жобаларды қала жастарына кеңінен насихаттап, әлеуметтік желілерге ақпараттарды тұрақты түрде жариялап отыруды жүйеге қойдық. Қазіргі таңда орталықта бітіруші түлектерге арналған «Болашаққа қадам» жобасы қолға алынған»,- дейді Ерлан Садырбайұлы. Ол жоба бойынша орталық қызметкерлері жастардың дұрыс мамандық таңдау жасауына септігін тигізеді. Өндіріс орындарына апарып, жұмыс процесімен таныстырады. Бір сөзбен айтқанда, бағыт-бағдар береді. Ал таңдау әр түлектің өз еркінде.