Өмірзақ Шөкеев той-томалақты тоқтатуды тапсырды
Жыл басынан мобильді топтар мен полиция басқармалары қызметкерлерімен 400-дей тыйым салынған отбасылық, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылғаны анықталды. Оның 225-і қоғамдық тамақтану орындарында, қалғаны тұрғындардың өз ауласында өткізілген. Эпидемиологиялық тексерулер барысында инфекцияның болжамды жұқтыру көздері анықталды. Оған сәйкес, қауіпті кеселді жұқтырғандардың 75%-ға жуығы вирусты мерекелік, отбасылық шаралар кезінде, көпшілік орындарда COVID-19 коронавирусты инфекциясын жұқтырған. Облыс аумағында аудандық, қалалық әкімдігі жанынан құрылған 127 мобильді топтары тарапынан жүргізілген мониторингілеу жұмысының тиімділігі күрт төмендеген.
- «Қайтадан белең алып бара жатыр ауру. Мониторинг емес, тексеруді күшейту керек. Көріп отырмын, кей аудандарда айқайлап тұрып той жасап жатыр. Беташары болсын, басқасы болсын. Қадам бассаң, барлық жерде той болып жатыр. Елдегі эпидемиологиялық жағдайды біле тұра, той жасағандарды тоқтату керек»,-деді Өмірзақ Шөкеев.
Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал баяндалған кезекті апталық аппарат отырысында соңғы көрсеткіштер ортаға салынды. Көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Осыған орай барлық аудан, қала әкімдері қатаң сынға ұшырады. Елдегі эпидемиологиялық ахуалды біле тұра, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында тынымсыз жүргізіліп келе жатқан тексерулерді елемегендерге жаза, жауапты басшыларға шара қолданылмақ.
Мамыр айынан бері КВИ-мен ауру/байланыста болған үй карантиндік режимін сақтауы тиіс 35 адамның «Ашық» бағдарламасымен жұмыс істейтін нысандарға барғаны анықталды. Оның ішінде 9-«қызыл», 26-«сары» статустегілер. Аумақтық СЭБ басқармалары тарапынан 31 адамға қаулылар шығарылып, ескертулер берілді. Мобильді топтар және Полиция қызметкерлері тарапынан СЭБ басқармаларына 4 мыңға жуық баянат түсті. Оның ішінде 3 мыңға жуығына әкімшілік хаттама толтырылып, 160 млн.теңгеге айыппұл салынды. Карантин режимін бұзған 31 нысанның жұмысын тоқтату бойынша талап арыздар сотқа өткізілді. Соттың шешімімен 16 нысанның жұмыс тоқтатылды. Қалған 15 талап арыз бойынша материалдар сотта қаралуда.