Сауран ауданында жаңа өндіріс орындары ашылады
Сауран ауданында жаңа өндіріс орындарын ашып, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін шешу – басты назарда. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, егістікті суарудың озық тәжірибелерін енгізуді, инвестиция тартып, өнім көлемін арттыру, мал шаруашылығын дамыту, аудандағы инфрақұрылым мен тарихи туризмді және де экотуризамді дамыту бағытында жұмыстар жүзеге асады. Барлық жұмыстар облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жеке бақылауында. Сауран ауданының әкімі қордаланған мәселелерді шешуде тұрғындардың ұсыныс-талаптары басты назарда болатынын жеткізді.
- «Сауран ауданында үлкен потенциал бар. Аудан күллі түркі әлемінің рухани астанасы - Түркістан қаласымен шектеседі. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының және халықаралық темір жол бойында орналасқан. Сауран ауданына ерекше көңіл бөлінген. Мақсатымыз – аудан халқына барынша қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасау. Ауыл, елдімекендеріміз жайлы, қауіпсіз, таза да көрікті, жасыл аумаққа айналдыру»,-дейді Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков.
Сауран ауданында жаңадан аудандық құрылым бөлімдерін құруды, сәулеті заманауи талаптарға сай аудан орталығының құрылыс жұмыстарын бастау бағытында қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Аудан қарт Қаратау мен Сырдария өзенінің арасында туристердің қызығушылығын арттыратын тарихи орындар, табиғаты жанға жайлылық жерлер жетерлік. Қолданыстағы заңдарға сәйкес, әкімшілік құрылымын жасақтау үшін алдымен аудандық мәслихат құрылды. Тиісінше, мәслихат келісімімен, аудан әкімі тағайындалып, ауданды басқару жүйесі және бюджеті бекітілді. Жалпы аудан көлемі – 721 745 гектар жер көлемін құрайды, халқының саны – 103 мыңға жуықтайды, бүгінде орталығы – Шорнақ ауылында 13 мың халық тұрады, жалпы 35 елді мекен бар.