Тұрғындардың талап-тілектерді бақылауға алынды
Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков бекітілген кестеге сәйкес азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Бұл туралы Бәйдібек ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қабылдауда Шаян ауылының тұрғыны М.Әуезов көшесінің бойындағы екі қабатты тұрғын үйінің екінші қабатындағы үйіне ауыз судың жетпей жатқандығын және автокөлігін қоятын гараж соғуға жер беруді сұранды.
Тұрғынға Шаян ауылының ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, тамыз айында құрылыс жұмыстары басталатыны түсіндірілді. Не себепті екінші қабаттағы үйіне ауыз су шықпай жатқандығын анықтауды «Бәйдібек су» мекемесінің басшысына, гараж соғуға жер беру жөнінде ауылдық округі әкіміне тапсырма берді.
Одан бөлек Көктерек, Алғабас, Шаян ауылдық округінен келген басқа да азаматтардың жер, газ, су, жол, жұмысқа орналастыру, құрметті азамат атағын алу жөніндегі талап тілектерін тыңдаған аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков заң аясында түсініктеме берді.
Аудан әкімі тұрғындардың арыз-шағымы назардан тыс қалмай, бақылауға алынып, заңды және жоспарға сай шешілетінін жеткізді. Тұрғындардың айтқан бірқатар мәселелеріне зерделеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті бөлім, мекеме басшыларына тапсырма жүктеді.