Мәжіліс депутаты Бәйдібекте болды
Бәйдібек ауданына Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, мәжілістегі аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Қайнар Абасов іссапармен келіп, аудан әкімдігінде кездесу өткізіп, ауылдарды аралап, елмен кездесті. Жиынға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсенбай Тәжібаев, Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков, облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, ауыл шаруашылығы саласындағы шаруа қожалықтарының басшылары, кәсіпкерлер қатысты.
Қайнар Абасов Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің жұмысы және алда тұрған міндеттері туралы хабарлама жасады. Өткір әрі ашық пікірлер айтылған жиында Бәйдібек ауданының бірқатар шаруа қожалықтарының төрағалары аграрлы сала бойынша өз ойларын ортаға салды. Ел көкейіндегі түйткілдерді баяндады. Бәйдібектіктер республикалық бюджеттен көктемгі және күзгі дала жұмыстарына бөлінетін жанар-жағармайды ертерек берсе, егілген майлы дақылдарға субсидия берілсе, егілген егістікті сақтандыру жұмыстары қолға алынса деген ұсыныс-тілектерін жеткізді. Сонымен бірге шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына берілген несиелерінің төлеу мерзімін ұзарту және басқа да егіс дақылдарына арналған бірқатар шығындардың нормативтерін қайта қарауды тиісті министірлікке жеткізу жөнінде өтініштерін айтты. Өйткені биыл құрғақшылық салдарынан егістіктің біраз бөлігі күйіп, шаруалар шығынға батып отыр. Шаруалардың айтылған ұсыныс-пікірлері назарға алынып, тиісті министрліктің алдына мәселе етіп қоятынын жеткізген Қайнар Абасов, бірқатар сұрақтарға жауаптарын берді. Биылғы қуаңшылықтан қиналып қалған ауыл шаурашылығы қызметкерлерінің талаптары орынды екенін айтқан депутат тамыз айында Бәйдібекке Ресейден 100 тоннадан астам бидай ұрығын жеткізуге күш салатынын айтты.