Кездесуде кәсіпкерлердің мәселесі қаралды

5.jpg

Бәйдібек ауданына арнайы іс-сапармен келген мәжіліс депутаты Қайнар Абасов аудандық жастар сарайында аудан жастарымен кездесті. Бұл туралы Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Қайнар Абасовқа жас кәсіпкерлер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылды. Жастарды қолдау мақсатында жастарға және жас кәсіпкерлерге кепілсіз несие берілсе, жаңадан дәріхана ашу үшін несие қаралса, наубайхана ашқан кәсіпкердің нан жабатын пешіне үш фазды есептегіш құралын қойып берсе, деген ұсыныстары мен сұрақтарын жеткізді.

Нан жабатын кәсіпкердің электр энергиясы жөніндегі мәселесін аудан әкімі Ержігіт Шәріпбеков бақылауына алып, жұмыс жүргізетінін айтты. Кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген кейбір мәселелер бойынша «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсенбай Тәжібаев та өз ойын ортаға салды. Ол Түркістан облысы бойынша «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын, Жол картасы бойынша біраз жұмыс атқарылғанын атап өтті. 

Осы іссапарында депутат Ақбастау ауылдық округі аумағындағы «Ернұр корпорация» ЖШС-нің базасында бірінші жаңбырлатып суғару құрылғысын көрді. Жоғары технологиялы құрылғы өнімділікті еселеп арттырады дейді мамандар. Мал азығын еккен алқаппен, одан кейін мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Жаңа технологиямен қысқы маусымға әзірленіп жатқан мал азығының жұмыс барысын көріп шықты. Аталған корпорация базасында шаруашылық төрағаларымен тілдесіп, ұсыныстарын тыңдады.