Сайрамдық отбасыға демеушілер үй салып берді
Түркістан облысы Сайрам ауданының жаны жомарт азаматтары мұқтаж отбасын баспанамен қамтуға ниетті.
Демеушілер есебінен Хамдам Хадиметовтің жанұясына Қарамұрт ауылдық округі, Низамабад елді мекенінен 5 бөлмелі үй салынуда. Баспана құрылысы ағымдағы жылы қараша айында аяқталады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарын Зульфия Өмірзақова бастаған «Нур Ихсан» қоры қаржыландырған. Отағасы Хамдам – мал бағушы, әйелі - үй шаруасында. 3 баланы тәрбиелеп отырған аз қамтылған отбасы тозығы жеткен, апатты жағдайдағы 1 бөлмелі үйді паналап отыр. Қазіргі таңда жаңа үйдің есік-терезелерін орнатуға тапсырыс берілген. Сондай-ақ, жылу жүйесі мен ауыз су мәселесі де өз шешімін табады.
Ауданның даму бағдарламасына сәйкес, биыл 58 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланса, жыл басынан бері 42,6 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне тапсырылған.
Бүгінгі таңда Сайрам аудандағы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж ретінде 2 425 азамат тіркелген. Тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында 2020 жылы Ақсу ауылы, Интернациональная көшесінде орналасқан тұрғын үй (көлемі 592,4 ш.м.) ғимаратына аудандық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 17 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар баспанамен қамтылған.