Жем-шөптің бағасына қатысты келісім жасалды

12.jpg

Созақ ауданы Жуантөбе ауылдық округінің әкімдігі тұрғындар мен шаруаларға үндеу жолдап, жем-шөптің бағасын негізсіз көтермеуге шақырды.

« Құрметті ауыл тұрғындары, шаруалар!

Баршамызға аян биылғы жылы еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын мөлшерінің аз түсуіне орай табиғи шөптер шықпай, құрғақшылыққа алып келді. Бұл өз кезегінде мал қыстау науқанында қажетті мал азығын дайындауға кері әсерін тигізуі мүмкін.

"Қыстың қамын, жазда ойла"- демекші, баршаңызды шөп жинау науқанына белсене атсалысып, малға керекті жем-шөппен қамтамасыз етіп алуға шақырамыз.

Қазіргі таңда ауылымыздағы "Айша" шаруа қожалығы  шөп ору жұмыстарын қызу жүргізуде. Әкімшілік тарапынан бағаны көтермеу жөнінде келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде биылғы 1  пресс шөп бағасы 400 теңгеден, бос шөптің 1  тіркемесі (көлемінің үлкендігіне байланысты) 20 000-25 000 теңгеден сатылатын болды. Барша шөп оратын кәсіп иелерін науқанға белсене қатысып, бағаны негізсіз көтермеуге шақырамыз»,-делінген үндеуде. 

Айта кетері, бұған дейін облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев:

-Облыста мал азығын сататын агроқұрылымдардың тізімі жасақталып, тікелей шаруалармен байланыс орнату жұмыстары жүргізілуде.Сондай-ақ, алдағы уақытта мал азығы тапшылығы тәуекелділігінің алдын-алу, бағасын тұрақтандыру мақсатында Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы орман қорындағы, босалқы және жайылым жерлерінен табиғи шөптерін жинап алу жөнінде 2 облыс әкімдіктері арасында меморандум жасалды. Бұдан бөлек, облыстағы орман қорының жерлерінен табиғи шөптерді орып алу ұйымдастырылуда және Бәйдібек, Созақ, Шардара аудандарының жайылымдарын пайдалануға тапсырма берілді,- деп атап өткен болатын.