Шымкенттік кәсіпкерлер мектеп салуда
Жылдан-жылға халық саны көбейіп жатқан Шымкент қаласында мектепке деген сұраныс та артып келеді. Осыны ескерген бизнес өкілдері соңғы кездері білім ошақтарының құрылысына қаржы сала бастады. Қазір үшінші мегаполис жекеменшік инвесторлардың есебінен салынып жатқан мектеп құрылысы бойынша елімізде көш бастап тұр. Кәсіпкерлер салып жатқан 13 метептің биылғы оқу жылында екеуі қолданысқа берілмек.
Солардың бірі жеке инвестордың есебінен салынған 79 мектеп. Осыған дейін мектеп апатты жағдайда болған. Қазіргі құрылыстың ескі нысаннан айырмашылығы жер мен көктей. Тіпті сынып кабинеттері де ерекше жасақталыпты.
Айналасы 3 ай ішінде салынған білім ұясы қыркүйекте есігін айқара ашады. 2 мың оқушыға лайықталған "Низамхан "орта мектебінің" ғимараты ерекше дизайнмен әрленген. Құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталған. Қазір материалдық жабдықтары жасақталуда. Заманауи үлгіде бой көтерген мектептің ашылуын ата-аналар да асыға күтуде. Осыған дейін балаларымыз әжетханасы сыртта, қыста жылымайтын сапасы сын көтермейтін ескі ғимаратта оқуға мәжбүр болды дейді.
Қала аумағына кейіннен енген Сайрам шағынауданында да жылдан-жылға мектепке баратын оқушылар саны көбейіп отыр. Аумақтағы екі мектепке балалар сыймағандықтан елдімекенде биыл тағы бір білім ошағы бой көтерді. Жеке инвестор салған бұл ғимарат 400 балаға лайықталған. Жаңа оқу жылына сақадай сай тұрған мектеп 3 тілде білім береді. Заманауи форматта жасақталған кабинеттер соңғы үлгідегі интерактивті тақталармен қамтылған. Спортзал, кітапхана, асхана, өскелең еңбекке баулуға бағытталған пәндер өтілетін сыныптардың жасақталуы да өзгеше.
Былтырғы жылы қалада орташа есеппен 23 мың баланың мектеп ғимаратына қажеттілігі туындаған. Осыны ескерген шымкенттік шенеуніктер мектеп құрылысына басымдық берді. Бүгінгі таңда "Shymkent" ӘКК АҚ жалпы білім беретін мектептердің құрылысы бойынша жалпы инвестиция сомасы 25,9 млрд.теңгені құрайтын 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыруда.
"Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесімен салынып жатқан мектептер ең алдымен бюджет қаражатының жұмсалуын тиімді етеді. Бұл білім ошақтарында да балалар тегін білім алады",- дейді Шымкент қаласы «Shymkent ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Каттабеков.
Салаға жауаптылар жекеменшік мектептер желісін арттыру арқылы мемлекеттік мектептерге түсетін «жүкті» жеңілдетуді көздеп отыр.