Солтүстікке көш жалғасуда
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты халыққа жолдауында еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Осы тапсырма негізінде "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылардың қатары артып келеді.
Осы орайда оңтүстік өңірінің тұрғындарын солтүстікке қоныстандыру мәселелері бойынша онлайн дөңгелек үстел өтті. Шымкент қоғамдық кеңестің мүшесі Рустем Ашетаев пен «SHANYRAQ» Отбасы институтын қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен шарада ZOOM арқылы қала тұрғындары Солтүстік Қазақстан облысының жұмыспен қамту орталығының мамандарымен тілдесе алды. Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі мен талаптары қала тұрғындарына кеңінен түсіндірілді.
Аталған бағдарламаның мақсаты - оңтүстіктен қоныс аударушыларды жұмыспен қамту. Өңір өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда солтүстік өңірде білікті дәрігерлер мен мұғалімдер сұранысқа ие.
Биыл оңтүстіктен қоныс аударған әр отбасы мүшесіне берілетін субсидия мөлшері - 70 АЕК. Яғни, 204 мың теңге қаражат көшіп жайғасу үшін көмек ретінде беріледі. Мысалы, 4 баласы бар отбасы қоныс аударса – 1 млн 224 мың теңге бірден беріледі. Оған қоса, бір жыл бойы үй жалдауға ақшалай көмек ретінде 1 адамға 43 755 теңге(15 АЕК) төленеді. Ал, 2 және 4 адамнан тұратын отбасыға 52 506 теңге (18 АЕК) ақшалай көмек көрсетіледі.
Айта кетсек, 2020-2021 жылы Шымкент қаласы бойынша 67 отбасы қоныс аударуға ниет білдірген. Жалпы өткен жылы оңтүстіктен қоныс аударған отбасылардың басым бөлігі ауылшарушылығы мен мал шаруашылығы кәсібімен айналысып, кәсіптерін дамытып отыр.
Солтүстікке қоныс аудару мәселесі бойынша Бәйдібек би даңғылы, 32 А ғимараты, «SHANYRAQ» Отбасы институтын қолдау орталығынан қосымша ақпарат алуға болады.