Таза су, сапалы жарық тұрғындарға қолжетімді

Screenshot_11.png

Шымкент қаласында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 3 магистралды су құбыры, 10 елдімекенге ауыз су құбыры, 3 магистралды кәріз құбыры және 16 ішкі орамдық нысан, табиғи газ бойынша №3 АГРС және 2 магистралды, 11 елдімекенге газ құбыры, 3 қосалқы электр станциясы мен 15 елдімекенде ішкі жүйенің құрылысы жүруде.

Елдімекен инфрақұрылымы дегенде, көз алдымызға, ең алдымен, электр жарығы келетіні бар. Расында да самаладай жарқыраған көшелер мен ғимараттар қала көркін аша түсері сөзсіз. Бұл тұста жалпы айта кететін жайт – Шымкентте электр қуатымен қамтамасыз ету жолға қойылған. Алдағы уақытта жағдай бұдан да жақсарып, қалалықтар сапалы электр қуатына қол жеткізе алады. Олай дейтініміз, тамыз айында Шымкент үшін маңызды энергетикалық нысан – Бозарық қосалқы станциясы іске қосылды. Нәтижесінде 250 мыңға жуық тұрғын сапалы электр жарығына қол жеткізе алады.

Қазіргі таңда «Нұрсәт», «Астана-1» және «Астана-2» қосалқы станцияларындағы жұмыс аяқталып қалды. Ал «1-М-1» станциясындағы құрылыс жалғасып, «Ынтымақ» қосылқы станциясының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Нәтижесінде, қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан Асар-2, Тұран, Ынтымақ-2, Солтүстік саяжай, Батыс, Бозарық, Қайнарбұлақ, Шымкент сити, Достық және Нұрсәт – барлығы 10 шағынауданды сапалы электр қуатымен қамту мүмкіндігі туады. Мамандардың мәліметінше, тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласында бюджет есебінен 6 дана қосалқы станция, 28 электр тарату бекеті, 780 электр трансформаторы, жалпы ұзындығы 2 663,1 шақырым электр желісі тартылды. Бүгінде қала аумағындағы барлық 81 елді мекеннің 65-іне сапалы электр қуаты жетіп тұр. Электр жарығымен қамту көрсеткіші 95%-ды құрайды. Ендігі мақсат – 16 елді мекендегі электр қуатының сапасы жақсарту.

Биыл 3 қосалқы станса салынса, біреуінде ағымдағы жөндеу жүріп, 16 елдімекенде ішкі жүйелердің құрылысы жүргізілуде. Олардың қатарында Жалын, Достық, Ақжар, Батыс, Тұран, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап, Қайнар бұлақ, Солтүстік саяжай, Ынтымақ–2, Айкөл, Игілік, Тәуелсіздікке – 20 жыл елдімекендері бар. Бұдан бөлек, 1 нысанның жобалық-сметалық құжаттары дайын, бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Жыл қорытындысымен 3 қосалқы стансаның құрылысы, 1 нысанның ағымдағы жөндеуі және 7 елдімекендегі құрылыс аяқталып, 250 мыңға жуық тұрғын сапалы электр қуатымен қамтылады. Нәтижесінде, Шымкент аумағын электр жарығымен қамту көрсеткіші 95%-дан 97%-ға дейін өспек.

Мамандардың мәліметінше, тұрғындарды коммуналды қызметтермен қамтудағы ең жоғарғы жоспарлы меже – ауыз сумен қамтамасыз ету (98 пайыз). Тіршілік нәрін тұрғындарға жеткізу бойынша Шымкент қаласында осы уақытқа дейін 14 су жинау ғимараты, 15 көтеру-сорғы стансасы салынып, жалпы ұзындығы 3365,7 шақырым су құбыры тартылған. Нәтижесінде бүгінде 81 елді мекеннің 69-ның тұрғындары таза су тұтынып отыр. Қалған 12 елді мекеннің бесеуіне – олар Сайрам, Құрсай, Қайнарбұлақ, Сәуле, Жаңаталап – тіршілік нәрі кестемен, ал 7 елдімекенге тасымалмен жеткізілуде.

Биыл бұл салаға қаралған қаржыға жоспар бойынша 14 нысан салынуда. Оның ішінде 3 магистралды су құбыры, 11 ішкі орамдық жүйе бар. Пайдалануға берілетін су құбырының жалпы ұзындығы 1 266 шақырымға жетпек.  Жыл соңына дейін 3 магистралды су құбырының құрылысы аяқталып, 256 мың адам ауыз сумен қамтылмақ. Ал Құрсай шағынауданындағы құрылыс 2022 жылға өтпелі. Нәтижесінде таза сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 98%-ға өседі деп күтілуде.