Шымкент көш басында

Screenshot_19.png

Шымкентте бүгінде әрбір он бес минут сайын бір сәби дүние есігін ашады екен. Ал бала саны артса білім беру мекемелерінің де көбейетіні заңдылық. Дегенмен Шымшаһар демографиялық дүмпуге қарамастан балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз етуде елімізде көш бастап тұр.

Қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаламыздағы балабақшалар саны небәрі 129-ды құрағанын айтады.

– Қазіргі таңда демографиялық және миграциялық өсімге сәйкес, бұл көрсеткіш 37 125 орынға толығып, 397-ге артты. Оның ішінде осы жылдары мемлекет есебінен 31 балабақша салынған. Қазіргі таңда, қаладағы 524 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 66 132 бала қамтылған. Оның ішінде, мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 3-6 жас аралығындағы 52 859 бала – 100%, 1-6 жас аралығындағы 77 437 баланың – 85,4%-ы (66 132 бала) қамтылған. Ағымдағы жылы 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативіне сәйкес, әр балаға 37 527 теңгеден белгіленіп, жалпы 29 млрд. 946 млн теңге қаржы қаралған. Биыл белгіленген жоспарды орындау үшін 1 600 баланы мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту жоспары тұр. Балалардың ерте даму мәселелері біз үшін ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін министрлік тарапынан мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленді. Жаңа модельді енгізу жаңа оқу жылынан басталды, - дейді басқарма басшысы.

Иә, азаттықтың ақ таңы атқан жылдары заңнамалық тұрғыда мектепке дейінгі тәлім-тәрбие беруге арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы енгізіліп, балабақшаларды лицензиялау рәсімі жеңілдетілді. «Балбөбек», «Қайнар», «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» сынды отандық бағдарламалар жүзеге асырылды. 2016 жылдан бастап мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мен білім берудің үлгілі бағдарламасы қолданыла бастады. Онда мектеп жасына толмаған сәбилердің бойында болуы тиіс базалық дағдылар айқындалған. 2017 жылы аталған бағдарламаның мазмұны жаңартылып, балалардың икемділігі мен дағдысының дамуын бағалау индикаторларының жүйесі енгізілді. 2018 жылы мектепке дейінгі тәлім-тәрбие мен білім берудің мемлекеттік стандарты бекітілді.

Шымшаһардың бас ұстазы «Балапан» бағдарламасы қолға алынғалы қалада бүлдіршіндеріміз жаппай балабақшамен қамтылғанын жеткізді. Оның айтуынша, мектепке дейінгі білім беру жүйесі 2006 жылдан бастап қайта жандана бастады. Алғаш рет республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға барлық меншік нысанымен мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін нысаналы трансферттер бөлінді. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының көпшілігі 2010 жылдан бастап ашыла бастады.

Кейінгі жылдары мемлекеттік және жекеменшік серіктестікті дамыту мектепке дейінгі білім беру жүйесінің тиімділігін арттыру жолдарының бірі екеніне көз жеткізілді. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру жеке мектепке дейінгі ұйымдарды ашуға айтарлықтай оңды әсерін тигізді.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Шымкент көш басында