2023 жылы Шымкент 100 пайыз ауыз сумен қамтылады

Screenshot_25.png

Бүгінде халықты сапалы ауыз сумен қамту ең маңызды әлеуметтік мәселенің бірі болып отыр. Сондықтан тіршілік көзін қолжетімді ету үшін қалада кешенді жұмыстар атқарылуда. Қала тұрғындарының қолайлы және жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында қала әкімі ауыз сумен қамту мәселесін жіті бақылауына алған.

Биыл шымкент қаласында  «Көмешбұлақ» магистралі іске қосылады. Нәтижесінде су жүйелері болмаған елді мекендердегі 60 мың тұрғынға ауыз су жеткізіледі деп жоспарлануда.

Қаладағы 17 мың тұрғыны бар Солтүстік саяжай шағын ауданы биыл сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Мұндағы тұрғындар тасымалды ауыз суды пайдаланып келеді.Сапалы ауыз сумен қамту жұмысы мердігер мекеме «Бес қара» тарапынан 2020 жылы басталған. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 151,9 шақырым су құбыры тартылады. Бүгінде 113 шақырым су құбыры орнатылған. Құрылыс жұмысы биыл аяқталып, 17 мың адам сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

Жалпы, 250 мың халық тұтынатын ауыз су жүйелерінің сапасы артады дейді мамандар. Қазір қаладағы 81 елді мекеннің 69-ы су құбырларымен қамтылған. Ал 5 елді мекенге ауыз су кестемен беріледі, 7 елді мекеннің тұрғындары ауыз суды тасымалдап ішеді екен. Жыл соңына дейін 3 магистралді, 11 ішкі орамдық су жүйелерінің құрылыстары аяқталады деп күтілуде.

Нәтижесінде су тасымалына тәуелді және ауыз суы кестемен берілетін 9 елді мекен ауыз суға қол жеткізеді. Жауаптылар 2023 жылы Шымкент қаласында ауыз су мәселесі толықтай шешіледі сендіріп отыр.