Жемқорлықтың түбі қорлық!

Screenshot_22.png

Шымкентте 8 айда 29 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 16-ы сотты болды. Сыбайлас жемқорлық әрекеттер құқыққорғау органдары, құрылыс, білім саласы, жер қатынастары мен мемлекеттік кірістер басқармасында тіркелген. Бұл мәліметтер Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында жария етілді.

Күн тәрбініне енгізілген төрт мәселенің бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ағымдағы жылдың 8 айында атқарылған жұмыстар барысын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғар Серкбаев баяндама жасады.

«Ағымдағы жылдың   8 айында 29 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылса, олардың 16-сы соттың үкімімен  сотталды. Сыбайлас жемқорлық  фактілері құқыққорғау органдары, құрылыс, білім салалары  және  жер қатынастары мен  салық басқарламаларында  тіркелген»,- дейді  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев.

Департамент өкілінің мәліметі бойынша, сәулет және қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Байымбетов және «ИнвестСтройПроект ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры Айтбаев қаланың топографиялық түсірілімі бойынша жұмыстарға мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде 498 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырған. Сот үкімімен аталған адамдар тиісінше 10 және 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды.

 «Сыбайлас жемқорлық көріністеріне басқа да салалар бейім. Мәселен, жедел іс-шаралар нәтижесінде Әл-Фараби ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының камералдық бақылау бөлімінің басшысы Қалдыбаев ұсталды. Ол қарамағындағы қызметкерден теріс себептер бойынша жұмыстан шығаруға қатысты мәселені шешу үшін 5 млн. теңге сомасында пара алған. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 150 млн. теңге айыппұл төлеуге сотталды»,- дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында 56 мемлекеттік органның ішінен тек 10-да талдау жүргізілген. Олардың 6-ы әкімдікке қарасты мекемелер. Енді заңнамаға сәйкес мекеме басшылары өз ұжымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл бойынша шаралар қолданбағаны үшін дербес жауапты болады.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Жемқорлықтың түбі қорлық!