Шымкент қарапайым заттар экономикасын субсидиялауда үздіктер қатарында
Шымкент биыл «Қарапайым заттар экономикасы» жобасын субсидиялау бойынша алдыңғы қатарда келеді. Аталған бағдарлама бойынша жалпы сомасы 50,6 млрд. теңге болатын 65 жоба қаржыландырылды.
Жобаның негізгі мақсаты – ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру, бәсекеге қабілетті өндіріс орталықтарын ашу. Қала әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаевтың айтуынша, биыл осы бағдарлама аясында 80 жобаның банк несиелерін субсидиялау, 20 жобаны кепілдендіру қолға алынды.
Бұл мақсатта бюджеттен 83,4 млрд. қаржы қаралды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің жолдауына сәйкес, аталған бағдарлама мерзімі 2022 жылға дейін созылу туралы шешім қабылданды.
Айта кетейік, аталған бағдарламаға шағын және орта бизнес субъектілері де, ірі бизнес өкілдері де қатыса алады. «Қарапайым заттар экономикасы» негізінен 2 бағыттан тұрады. Бірінші – кәсіпкерлік субьектілеріне жеңілдетілген несие бөлу, екіншісі – жоғарыда аталған өнеркәсіп салаларын дамыту.
Жеңілдетілген несие бойынша банктер кәсіпкерлерге 10 жылға дейін 15 пайызбен несие беріп, оның 9 пайызы "Даму" қоры арқылы субсидияланады. Ал, агроөнеркәсіптік кешендегі өндіру бойынша оның 10 проценті ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидияланады. Сонда іс жүзінде кәсіпкерлер несиені 6 және 5 пайызбен өтейді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Үкіметі қарапайым заттар экономикасын қаржыландыруға 600 млрд теңге бөлді. Жеңілдетілген несиелер жеңіл өнеркәсібі саласында өндіру, сонымен қатар жиһаз, құрылыс материалдары мен АӨК өнімдерін шығару саласындағы жобаларға беріледі.Жалпы Бағдарлама 2025 жылға қарай тауарлардың 365 түрі бойынша өндірісті 2,4 есе ұлғайтып, импорттың үлесін 37%-ға қысқартуға жол ашады.
Бөлісу тақырыбы: Шымкент қарапайым заттар экономикасын субсидиялауда үздіктер қатарында