Түркістанда жергілікті ағаштарды егуге басымдық беріледі
Түркістан қаласында 16 аудан-қаладан секторға жауапты мамандар үшін арнайы жиын өтті. Бұл туралы Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мақсаты - қала аумағын көгалдандыру барысында ескерілетін ерекшеліктер, егілген ағаш пен гүлдерді баптауда назар аударылуы тиіс жәйттер.
Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жасыл желекке қатысты өзекті мәселелерді ортаға салып, секторларға бірқатар ұсыныстар айтты.
Сектор жауаптылары Тұңғыш Президент саябағын аралап, Қ.А.Ясауи ХҚТУ жанындағы ботаникалық баққа барды. Мұнда арнайы тұқымбақта жер ерекшелігіне орай сәндік ағаштардың көшеттері әзірленуде.
Мамандардың айтуынша бақтың ағаштың 127 түрінен бір мезгілде 100 мыңға дейін көшетпен қамтуға мүмкіндігі бар.
Айта кетері, облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Түркістан қаласы абаттандыру мен көгалдандыру үшін 32 секторға бөлінген. Әр сектор тиісті мекемелерге, әкімдіктерге тапсырылған. Түркістан қаласының «Жасыл белдеуінде» жеміс ағаштары да өсірілуде. Бұл жұмыстарға агрономдар, мамандар, кәсіпкерлер, қала тұрғындары атсалысуда. Жасыл желектерді күнделікті суару үшін қала аумағына гидранттық жүйе жүргізілген. Бүгінде 32 секторда үш кезеңмен жұмыс жүргізіліп, 1600 га жерге 60 мыңнан астам көшет егілген. Қалада сенбіліктер өткізу, тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыру бағытындағы іс-шаралар дәстүрге айналған.