Түркістан облысында «Қолғабыс» қоры тегін үй салып жатыр

Түркістан облысының Арыс қаласында «Қолғабыс» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен баспанаға мұқтаж екі отбасыға арнап салынатын үйдің іргетасы қаланды. Демеушілердің есебінен тұрғызылатын бұл үй баспанаға шын мұқтаж жандарға тегін беріледі. Олардың қатарында асыраушысынан айырылған, көпбалалы немесе тұрмысы төмен отбасылар бар. Шараға Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова мен арыстық кәсіпкерлер және қалалық Ардагерлер ұйымының өкілдері, «Арыс» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысты.

image.png

– Біз «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» текті елдің ұрпағымыз. Сондықтан, түрлі жағдайға ұшырап, тағдыр талайына түссе де, жігері жасымаған жандарға көмектесіп, қол ұшын созу атадан балаға мирас болып келеді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар келген Арыс қаласының 65 жылдығы қарсаңында қолға алынып жатқан осындай шарапаты мол, қайырымды іске баршаңызды атсалысуға шақырамыз, – деді қор төрағасы Сырлыбек Мұсабеков.

Алдағы уақытта «Бала мекен» ықшамауданында 8 отбасыға арналған жаңа баспаналар бой көтеретін болады. Құрылыс жобасы бойынша тұтас бір шатырдың астында қос бөлмелі екі пәтер орналасады. Мұнда бөлме санын көбейтуге немесе қосымша құрылыс жүргізуге болатындай ыңғайлы жоба таңдалған.

Айта кетейік, Арыс қаласында «Қолғабыс» қайырымдылық қоры биылғы жылдың маусым айында ресми түрде қызмет көрсете бастады. Қор жетекшісінің айтуынша, бүгінге дейін аталған ұйымға 144 өтініш түскен болса, арнайы тексерістен кейін олардың ішінен көмекке шын мұқтаж ретінде 93 отбасы тізімге алынған. Нәтижесінде, оларға 100-ден аса көмек пен қызмет түрі ұсынылды.