Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Түркістан облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы екі аптада коронавирус жұқпалы инфекциясы бойынша аурушаңдық деңгейі 1,5 есеге, пневмонияға шалдыққандар саны 1,8 есеге төмендеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді.

image.png

– Түркістан облбысында коронавирус жұқпалы инфекциясына қарсы екпе егу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда өңірге коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентінің 858 мың 630 данасы, екпенің екінші компонентінен 813 мың 470 дозасы жеткізілді. Дәл осы коронавиріс індетіне қарсы екпе егу бойынша облыс халқының 89,2 пайызы вакцинаның бірінші компонентін салдырып үлгерді. Ал, короновирус жұқпалы инфекциясына қарсы вакцинаның екінші компонентін өңір тұрғындарының 70,5 пайызы салдырған. Сондай-ақ, мобильдік топтар арқылы облыс бойынша жыл басынан 845 тыйым салынған отбасылық шара анықталып тіркелді. Карантин талаптарын бұзушылар мен бағынбаған 57 нысанның ісі сотқа жолданды, – деді Нұрбек Садықбекұлы.

Түркістан облысында осы жылдың 15 қыркүйегінен бастап тұмауға қарсы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы, облыстың бас дәрігері Марат Пашимовтың айтуынша, тұрғындарды тұмауға қарсы иммундау мақсатында ресейлік препарат «ГРИППОЛ+» вакцинасының 312 мың 500 дозасы Түркістан облысына жеткізілді. Аталған вакцина облыс тұрғындарының 15,4 пайызын қамтуға жетеді. Қазіргі таңға дейін облыс бойынша тұмауға қарсы екпені салдырып алған адамдардың саны 17 мың 705 тұрғынды құрайды.

Өңірде 8667 нысан «Ashyq» бағдарламасын қолдануда. Қосымша 8687 кәсіпкер бағдарламаға қатысуға өтініш берген. Бағдарлама арқылы «қызыл» статусты 147 азамат анықталып, 30 АЕК көлемінде айыппұл салынған.