Түркістан облысының мергені әлемді мойындатты

Түркістан облысының спортшы Ералхан Айкөз Иранның Тегеран қаласында өткен XVI Әлем чемпионатында үш медаль жеңіп алды. Ат үстінде жүріп садақ ату сайысына әлемнің 12 елінен 22 спортшы қатысқан.

image.png

Түркістандық мерген өзінің шеберлігінің арқасында жерлесіміз кіл мықтылардың ішінен топ жарып 1 алтын, 2 күміс медаль иеленді. Алтын алқаны жарыстың алғашқы күні корей стилі бойынша өткен сайыста алса, кассай (венгр) стиліндегі жарыста күміс жүлдегер атанды. Нәтижесінде, Ералхан Әлемнің вице-чемпионы атанды.

Бұған дейін Ералхан Айкөз 2019 жылы жазда «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесі аясында өткен «Алтын жебе» І әлем чемпионатында «Түрік стилі» мен «Қазақ стилі» бойынша мергендік бәсекеде тұңғыш әлем чемпионатының чемпионы атанған болатын. "Алтын Жебе" атты тұңғыш әлем чемпионатында 16 елдің ат үстінен садақ ататын сұрмергендері жиналған еді. Ералхан бұдан бұрын да «Алтын жебе» мергендер турнирінде екі рет жүлдегер атанған.

Ералхан Айнарбекұлы — Түркістан өңірінің тумасы. Жеңімпаз спортшы Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің шәкірті. Түркістан облыстық ұлттық спорт мектебінің директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы Ғани Ахметбаев бұл спортшымыздың болашағынан мол үміт күтуге болатынын айтты.

Айта кетейік, ел намысын қорғаған отандасымыз бұл жеңісін Қазақстан Тəуелсіздігінің 30 жылдығына арнайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, алдағы уақытта шеберлігін шыңдай түсіп, талай белестерді бағындыру жоспары бар екенін жасырмады.