Қоқыс алаңшаларына нұсқаулықтар қойылды
Әл-Фараби ауданының тұрғындары енді тазалық мекемелеріне тікелей шағымдана алады. Ол үшін қоқыс алаңшаларының алдына ескертпе белгілері жазылған арнайы нұсқаулықтар ілінді.
Нұсқаулық тақтайшаларына аумаққа бекітілген қоқыс шығарумен айналысатын мердігер мекеменің атауы, байланыс нөмірлері және қоқыс шығару жиілігі жазылған. Қоқыс уақтылы жиналмаған жағдайда тұрғындар жауапты мекеменің диспетчеріне тікелей ұсыныс-пікірі мен шағымын қалдыра алады.
Әл-Фараби ауданы аумағында тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған 192 контейнер алаңшалары және 749 қоқыс контейнері бар болса, соның 60 пайызына нұсқаулықтар орнатылды. Қазан айының соңына дейін барлық қоқыс алаңшалары қамтылатын болады.
Еске сала өтейік, қоқыс жәшіктеріне құрылыс заттарын тастағандарға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Осы ретте айта кетейік, Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері Байтұрсынов-Жандосов көшелерінің қиылысында тазалық жұмыстарын жүргізді. Сенбілікте ирригациялық арықтарды тазалау, аяқжолдар мен көшелерді сыпыру, қоқыс шығару және талдарды әктеу жұмыстары атқарылды.
Сондай-ақ, электр жүйесіне кедергі келтіріп тұрған ағаш бұталары кесілді. Аталған тазалық іс-шарасына 25 арнайы техника, 100-ге жуық адам жұмылдырылды. Сенбілік жұмыстары Әл-Фараби ауданына қарасты ауруханаларда, жоғары оқу орындарында, кәсіпкерлік нысандарда және аулаларда қатар жүргізілді.