Ауылдағы емхана ақпараттық жүйемен жұмыс істейді

Screenshot_5.png

Сарыағаш ауданындағы «Қызылжар» дәрігерлік амбулаториясының компьютерлердің барлығы ақпараттық жүйеге қосылған. Пациент бұрынғыдай ауру тарихы кітапшасын қолтықтап жүрмейді. Емхананың табалдырығын аттаған бойда қарсы алдындағы тіркеу бөліміне жақындаса болды, ұсынған төлқұжатындағы жеке сәйкестік нөмірін базаға енгізіп, тиісті учаскелік дәрігеріне мәлімет жіберіледі. Электронды тіркеуден кейін дәрігеріне барса, емдеуші маман компьютерінен ашып қарап, пациенті туралы біліп отырады. Анализдерін тапсырғаннан кейін де тұрғындар ертеңіне лабораторияның табалдырығын тоздырып, қорытындысын алуға бармайды. Осында өз дәрігері анализ қорытындыларын базадан қарап шығарып бере алады.  

Емханаға енген кішкентай пациент дені сау бала кабинетіне кіріп, мамандар оның анасымен жұмыс жүргізеді. Қандай тамақ жейді, немен ойнайды, бәрі сұралады. Таразыға баланың салмағын тартып, бойын өлшеп, әрі қарай педиатр дәрігердің кабинетіне келеді. Осында медициналық тексеруден кейін бала науқас болса, емделуге жіберіледі. Бәрі дүрыс болса, жасына сай салынатын екпесін қабылдауға вакциналау кабинетіне кіреді. Емхананың бір жақ блогы осылай балаларға арналған. Індет өршіп тұрғанда ересектермен араластырмай сырттан кіретін есік те ашылған.