Ауылдағы амбулаторияның мүмкіндігі артып келеді

Screenshot_4.png

Шекараға жақын орналасқан Сарыағаш ауданындағы медициналық мекемелерде оңды өзгерістер бар. Соңғы жылдары денсаулық сақтау нысандарының материалдық техникалық базасы, дәрігерлердің біліктілігі артқан. 

Солардың бірі «Қызылжар» дәрігерлік амбулаториясының жаңа ғимараты 2019 жылы ел игілігіне пайдалануға берілген. Жалпы бұл емдеу мекемесінің тұрғындарға қызмет етіп келе жатқанына тұп-тура жиырма жыл толған. 36 медицина қызметкері 7 мың адамға дәрігерлік көмек көрсетеді. Оның 3200-і 18 жасқа дейін балалар, 125-і жүкті әйел, 350-дей көп балалы ана да бар. 

Төрт учаскеге бектілген төрт дәрігер, стоматолог, лаборатория жұмыс істейді. Тегін дәрі-дәрмек жеткілікті. Ақ халаттылар аудандық және жергілікті әкімдік мамандарымен қазіргі індетке байланысты тығыз қарым-қатынас орнатқан. Емханада екі төсек орынды күндізгі стационар жұмыс істейді. Тұрғындардың денсаулығы туралы мәліметтердің барлығы ақпараттық жүйеге енгізілген. Ересектер мен балалар арасында медициналық тексерулер, туберкулез, онкологиялық аурулардың алдын алу бойынша скринингтер, коронавирусқа қарсы вакцина егу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

– Жаңа ғимаратқа көшкеніміздің өзі Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бақыт Иябайұлын қолдаған аудан әкімдігінің үлкен көмегі деп ойлаймын. Бүгінде барлық  медициналық құрал-жабдықтарымыз түгел. Әр кабинетте кем дегенде екі компьютерден бар. Бұл да бізге үлкен көмек. Бұрын бізде стоматология кабинеті жоқ еді. Лабораториямыз медициналық жаңа құрылғылармен жабдықталды. Дәл бүгінгідей пандемия жағдайында мамандарымыз қолдарын жиі сабындап жуып тұруы тиіс кезде соған лайықталғандай әр кабинетте су ағып тұр, раковина орнатылған, – дейді емдеу мекемесінің аға дәрігері Гүлмира Әбішева. 

Мұнда келген пациенттер ең алдымен дәрігерге дейінгі кабинеттен өтеді. Қанындағы қант мөлшерін, холестеринін, қан қысымын, дене қызуын өлшеп, іріктеліп әркім өзінің учаскелік дәрігеріне барып қаралады. Сол жерде ем алады. Жатқызу керек болса, осындағы күндізгі стационарда емін қабылдайды. Егер ауыр науқас болса, аудан орталығындағы ауруханаға жіберіледі. Қалғандары осында амбулаториялық ем қабылдайды. Анализ талдаулары да осындағы лабораторияда жасалады. Сондай-ақ, ақ халаттылар тұрғындарды жылжымалы флюрография аппаратының көмегімен рентгенге түсіруде екен. Бір сөзбен айтқанда ауыл тұрғындары басы ауырып, балтыры сыздаса аудан орталығына сабылып, әуреленбейді.