Сарыағашта мал басы көбейіп келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халыққа арнаған Жолдауында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз етуді, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыруды, осы саладағы еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейтуді және агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыруды тапсырғаны белгілі.
Әсіресе, халықты ет, сүт, жұмыртқа өнімдерін қамтамасыз ету негізгі міндет саналады. Ал бұл өз кезегінде мал басын көбейтумен тікелей байланысты. Сарыағаш аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша мал шаруашылығы саласында өткен жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда: ірі қара мал басы 100,6 пайызға өсіп, 60,4 мың басқа, қой-ешкі 110,4 пайызға өсіп, 514,2 мың басқа, жылқы 97,2 пайызға жетіп, 16,1 мың басқа, түйе 106,3 пайызға өсіп, 115 басқа жеткен. Сондай-ақ, ауданда құс 149,3 пайызға өсіп, бүгінгі таңда 587,1 мың бас құс өсірілуде.
Ауданда мал бордақылау саласында да оң жұмыстар бар. Мәселен, Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан «Бес Қара» ЖШС-нің мал бордақылау алаңы 1000 бас малға арналған. Бүгінде 230 бас мал сатып алынып, бордақыланып жатыр. Қазіргі таңда мұнда 15 адам жұмыспен қамтылған.