Дәрігер: Көптеген ата аналар балаларын психиатр дәрігерге көрсетуге ұялады

Screenshot_5.png

Менталды денсаулық – төзімділік пен салауатты болашақтың кепілі және балалар мен жасөспірімдерге арналған психиатриялық қызмет. Осы тақырып аясында бүгін Шымкент қалалық психикалық денсаулық орталығының ұйымдастыруымен ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Шараға қатысқан медицина мамандары жасөспірімдерге арналған психиатриялық қызмет турасында баяндама оқып, тәжірибе алмасты. 

Психикалық денсаулық орталығына қарасты аутизмге шалдыққан балаларды оңалту бөлімшесі  2021-жылдың сәуір айында ашылған. Бүгінге дейін мұнда 167 бала ем қабылдаған.  Қуаныштысы сол емдеу курсынан кейін балаларлың алпыс пайызында оң нәтиже көрсеткен. Мұндағы оңалту бөлімшесінде емдеу курсы 90 күн. Әр баламен сабақтың ұзақтығы әр маманға 20-30 минутты құрайды. Бүгінгі таңда құрылымға: бөлімше меңгерушісі, дәрігер-ординатор, фельдшерлік қызметкерлер, логопедтер, дефектологтар, психолог, ЛФК маманы кіреді. Педагогикалық коррекция психоневрологиялық патологиясы бар балаларды кешенді оңалтуда маңызды рөл атқарады, оның аясында логопед, дефектолог, психолог, музыкалық терапевт, жаттығу терапиясы сабақтарын өткізеді. 

“Көптеген ата аналар балаларын психиатр дәрігерге көрсетуге ұялады. Бірақ баланы дәрігерге көрсетуден қорықпау қажет. Егер біз ата-аналар, мектепке дейінгі және білім мекемелері, бастапқы санитариялық медициналық ұйымдар болып аутизмге шалдыққан балаларды анықтауда бірігіп жұмыс жасасақ, мұндай балаларды әлеуметке қайтаруға болады”-дейді қалалық психикалық денсаулық орталығының бас дәрігері Серік Мыңбаев.