Түркістан облысындағы шекара бекеттерінде жыл басынан бері 86 адамнан КВИ анықталды
Жыл басынан бері Түркістан облысында орналасқан Жібек жолы, Қапланбек, Қазығұрт, Қонысбаев, Атамекен өткізу кеден бекеттері арқылы Өзбекстан мемлекетінен 94 219 адам Қазақстан территориясына кірген. 7 420 адамнан ПТР сынама алынып, 3 435 азамат 2 күндік карантинге жіберілді. Ал, 86 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталған.
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріндегі шектеу іс-шаралары туралы жаңа Қаулысына сәйкес, 5 мамырдан бастап елге кіретіндер сауалнама толтырмайтын болды. Термометриядан өтудің қажеті жоқ.
Сонымен қатар, олардан ПТР сынама алынбайды. Дегенмен, ел аумағына өтетін азаматтар вакцина, ревакцина салдырған болуы керек. Егер екпе алмаған болса немесе алғанына 6 айдан асып кетсе, қолында ПТР анықтамасы (72 сағаттан артық емес) болуы шарт. Егер вакцинация паспорты да, ПТР анықтамасы да болмаған жағдайда, тұрғылықты жері бойынша 72 сағаттың ішінде зертханалық тексеруден өтетіндігі туралы қолхат жазып, шекара бекетінен өтеді. Дене қызуы жоғарылап, ауырып тұрған адамдар анықтамасының болғанына қарамастан, инфекциялық стационарда оқшаулауға жатады.
Ал, 5 жасқа дейінгі балалардан вакцина, ревакцина, ПТР сынама, анықтама ұсыну талап етілмейді. ҚР аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан, сондай-ақ Әзірбайжан, Молдова, Тәжікстан және Өзбекстан Республикаларының аумағынан келетін адамдар анықтаманы «COVID-19-сыз саяхат» мобильді қосымшасымен ұсынады. Айта кетейік, бүгінгі күні Түркістан облысында 5 шекара өткізу бекеті жұмыс жасап тұр.
Бұдан бұрын хабарланғанындай, елде коронавирусқа қарсы екпе алғандар 10 млн жақындады.
Бөлісу тақырыбы: Түркістан облысындағы шекара бекеттерінде жыл басынан бері 86 адамнан КВИ анықталды