«Мыңшейіттің» құпиясы неде?

image.png

Түркістан облысы Төлеби ауданында атауында ғасырлық тарих пен сыр жатқан елді-мекен мен тау, белдер көп-ақ. Бүгінде олар тарихшыларды ғана емес туристерді де қызықтырып отырған жайы бар. Табиғат аясында демалып, аңыз бен құпияға толы мекендерді аралауға құмар туристер үшін мұнда қызығарлық дүниелер жетерлік. Айталық   тарихы жұмбақ "Мыңшейіт" қорымы.

Сайрам су өзеніне таяу маңда орын тепкен, шейіт болғандарды жерлеген мазарат пен мешіттің арасын өзен суы бөліп тұр. Ауыл тарихын зерттеушілердің мәліметінше, мазаратты қоршатып, қорғауға алып, басына кішкене болса да там салып, шырақшы қойып, бір Аллаға сыйынып, өлшеусіз еңбек еткен Пошатай Бишымырұлы мына өмірден 100-ге жақындап баз кешті. Кейінірек онда мешіт салып, атаның ісін жалғастырған ұзынарықтық Молберген Жамалбеков қарияға да бүгінгі ұрпақтың алғыстан басқа айтары жоқ. Негізінде «Мыңшейіт» деп аталғанымен бұл жерде 6 мың адам шейіт болған деседі. 70-і ғана тірі қалған көрінеді. Олардың барлығы қылыш, найзасы мен сауыт-сайманымен қойылған. Ал тарихын Молберген қария Пошатай және Ыбырайымхан деген кісілердің аузынан жазып алған екен.  

image.png

 "Мыңшейіт" туралы көнекөз әңгіме, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен бағзы аңыздардың бірінде былай дейді: VІІІ-ІХ ғасырларда араб халифаты Орта Азияға Ислам дінін тарату үшін жорыққа шыққаны белгілі. Олар осы Сайрам аймағына келгенде, мұндағы көк Тәңірге жалбарынатын жергілікті түркілердің зор қарсылығына тап болады. Алатау бауырының жазық төсі де, жайпаңдау келген тау шатқалдарының етегі де қанды майдан даласына айналады. Бірақ күші басым араб әскерлері біртұтас бірікпеген түркі жауынгерлерінен үстем түседі. Амалдары таусылған түркілер арабтардың осал тұтастарын іздеуге кіріседі. Олардан қалайда кек алуды ойлаған бір топ түркі сарбаздары олардың ішінен қалайда сыр тартуды жоспарлайды. Ойлары іске асып, жаудың жанды жерлерін біледі. Яғни Аллаға бас иетін арабтар күнде бес рет намазға жығылады екен. Намаз кезінде олар қаруларын қалдырып, аттарын қосақтап немесе байлап сапқа тізіліп, құбылаға қарап жығылып тұрады екен. Мұсылмандардың осындай сәттерін оң пайдалану орайындағы ойларын сарбаздар Түркі қолбасшысына жеткізеді. Күндердің күнінде Сайрамсу аңғарында өзен жағасында намазға (бесін болу керек) тұрған араб әскеріне осы сәтті аңдыған мыңдаған түркілер екі жақтан лап қояды. «Барлығы да Алланың пәрменімен болады» деп санайтын мұсылмандар намазды бұзуды да үлкен күнә қатарына қосқан. Бірақ жан беру оңай ма, өзен жағасы қырғынға айналып, Сайрамсу өзені қанқызыл түске боялған екен. Бес қаруы сай, үлкен дайындықпен келген түркілер арабтарды шашау шығармай қырып салады. Қанды майдан даласынан санаулы адам қашып құтылғаны айтылады бізге жеткен аңызда. Майдан даласындағы арпалыста мыңдаған түркілер мен арабтар шейіт кетеді. Соғыс тыншыған соң екі-үш күннен соң адамдар өліктерді сүйрелеп осы беткейге жерлеген екен. Содан бері бұл жер Мыңшейіт аталады. Мұның «Мың» дегені мың адамды білдірсе, «шейіт» сөзі дін жолында құрбан болған деген ұғымды айғақтайды.

image.png

Мыңшейіт оқиғасының аңыз емес, шынайы шындықпен астарласып жатқанын ортағасырлық шығармалар мен ғұлама Бекасыл Биболатұлының «Жұлдызнама» атты шығармасынан аңғаруға болады. Онда араб қолбасшысы Кутәйб ибн Муслим әскері Қазақстанның оңтүстігіне 714 жылы, яғни VІІІ ғасырда кіретіні айтылады. Осы кезде Мауренаһрдағы бауырластарына үнемі қол ұшын беріп отыратын Түркеш қағанаты Орта Азиядағы арабтардың жаулап алған жерлеріне үлкен қауіп төндірді. Себебі олар Шаш (Ташкент) пен Ферғананың, Самарқанд пен Бұхараның автохонды тұрғындарын қолдау үшін әскер жіберіп отырды. Испиджабта (Сайрам) жоғарғы түркештердің қолбасшысы Әбу Мырзақым (Сүзеген) қаған араб басқыншылығына сәтті тойтарыс берді. Міне, осы тұста Мыңшейіттегі оқиға орын алған. Әбу Мырзақым сарбаздары араб әскерлерін тас-талқан еткен еді. Ал бұл оқиғаны естіген араб, парсы жазбагерлері Мыңшейітті тікелей атамағанымен, Испиджаб өңіріне қарасты болғандықтан сол атаумен оқиға барысын жеткізген. 737 жылы түркеш атты әскерінің көмегімен Орта Азия жерлері басқыншылардан тазартылған. Бірақ таққа талас барысында Сүзегеннің өлтірілуі Түркеш мемлекетін әлсіретті, сол себепті арабтың аймақ бастығы Насыр ибн Сейяр осы жылдан бастап Орта Азиядағы араб билігін қалпына келтіре бастады. Өзбекстан ғалымы Б.Ғафуров та өз еңбегінде оқиға барысын нақты сипаттайды. «714 жылы Кутәйб Шашқа қайта шабуыл жасап, шаһарды өз ордасына айналдырды, содан Испиджаб бағытында жорыққа аттанды» дейді. Таришылар бұл баяндаулар Мыңшейіт оқиғасының аңыз емес, ақиқат екендігіне көз жеткізетінін айтады. Бұл күндері ол мазаратты әмбе жұрт әулиелі жер деп сыйынады, басына зиярат етеді, ¬ұран-дұға оқытады, құрбандық шалады. ...Кезінде қырғын соғыстар болса да бәрібір түркілер Ислам дінін қабылдағаны хақ.     

   Осы секілді аңыз бен шындығы жанасқан Мыңшейітке бүгінде зиярат етіп келушілердің қарасы  жыл санап көбеюде. Себебі нысан маңында туристер үшін қолайлы демалыс орындары көп. Мыңшейіт мазарына жету де жолаушылар үшін қиындық тудырмайды. 

®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: «Мыңшейіттің» құпиясы неде?