Балаларды шаттыққа бөлейтін мекен
«Біркөлік шатқалы» – балалар тынығатын танымал жазғы демалыс орны. Табиғаты тамылжыған таулы өлке – Төле би ауданында орналасқан бұл лагерьде шіліңгір шілденің аптап ыстығында еліміздің барлық аймағынан келген балалар демалады.
Мұнда мектеп оқушылары жай демалып қана қоймай бос уақытын тиімді пайдаланып, заманауи әдістемелерді қолдана отырып білімін жетілдіреді ағылшын тілін оқыту, робототехника үйрену, спорттық шаралар өткізу және жеке қабілетін дамыту, сонымен қатар тағы да басқа салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында әртүрлі ойындар да ойнатылады.
Жалпы әр маусымда балалар онда 10 күннен демалады. Аталған лагерьде білікті мамандар және мектеп мұғалімдері жұмыс жасайды. Жалпы лагерде әр маусымда 300 бала демалысты қызықты өткізеді.
Күн тәртібіне күнделікті спорттық ойындар енгізілген. Балаларға арналған екі бассейн бар, балаларды жүзуге үйрететін маман да қызмет жасайды.
Айта кетейік, Біркөлік шатқалы – Төле би ауданында теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте Тянь-Шань тау сілемдерінде орналасқан. Шатқал бойымен Біркөлік өзені ағады. Мұнда жаңғақ тоғайы, өрік және алма бақтары бар. Қарағай, Тянь-Шань шыршалары, емен, шынар, зерек, талшын ағаштары, итмұрын және тағы да басқа дәрілік шөптер өседі. Шатқал бойынан, тасты жырақтардан, тау бұлақтарынан басталған Біркөлік өзені ағып жатыр. Оның таза, мөлдір, салқын суы шатқалдың жасыл алқабын суландырып, ауаны аэроиондап, айналаға салқын жел алып келеді.
Міне, осындай керемет табиғатты балалар көзімен көріп, етене таныса алады.