Көз атаның кереметі көп
Заманауи демалыс орындары көбейгенмен қазіргі таңда да киелі орындарға ынтық туристер саны қазір де азайған емес. Сайрамда сансыз баптар жатса, Төлебиде мәңгілік тыныштығын тапқан әулиелер көп. Айталық ауданда көпшілік арнайы барып мөлдір де шипалы суын ішіп әрі өзімен бірге ала кететін киелі бұлақтар көп.
Соның бірі – Кемеқалған ауылдық округі Ұйымшыл ауылындағы Мейрам ана әулиелі орны. Ауыл тұрғындары жер астынан қыз-қыз қайнап шығып жатқан бұлақ аумағын тастармен қалап, шағын тоған жасап, бұлақ басын ластамауға шақыратын сөздер жазылған. Ана кесенесіне көбінесе перзент сүймеген келіншектер тәу етіп келеді екен. Ал Ақбастау ауылында орналасқан Көзді ата киелі орында шырақшы Тағай Сейітжаппарұлы келушілерге қызмет көрсетеді. Аңыздарда Көзді атаның есімі – Сейіткерім қары аталатыны айтылады. Ғасыр жасаған, ислам дінін насихаттап, егін егіп, елді ашаршылықтан аман алып қалған екен. Көз ата әулие жерленген жердің дәл іргесінде үлкен қазандық орын бар. Бұл – Көз ата әулие бұлағының орны. Аңыздарда бағзы заманда Қазығұрт тауын әрі әулие, әрі емші адам мекендегені айтылады. Ол емші болғанда көз ауруын ғана жазады екен. Сондықтан зағип болғандардың барлығы осы емшінің дақпыртын естіп, дертінен айығу үшін арнайы іздеп келіп, емделіп жүріпті, бір ғажабы, шын ниетімен емделуге келген сырқаттардың барлығы айығып кететін көрінеді. Көз ата қайтыс болып, оқылған Құран аяқтала бергенде, жұрттың үрейін тудыратындай тосын дыбыс шығып, сол арадағы қатпар тастар қозғалғандай болады. Кенет тастардың арасынан тесік пайда болып, артыншы сарқырап су ағады. Судың молдығы мен оның ағысының жылдамдығы соншалық, әп-сәтте сай-сала суға толып, еңіске қарай арна салып аға бастайды. Көз атаны жерлеуге келген дүйім жұрт қабір басынан жоғары шығып, «Әттеген-ай, әулие баба су астында қалатын болды ау!»» деп өкініш білдіріп, тұрып қалыпты. Бірақ ғажабы сол, су қанша мол және әулие жерленген қабірдің дәл басынан шыққанымен, қабірді айнала ағып, арна салады. Мұны көрген халық: «Ол – атаның әулиелігінен, кереметтігінен» депті. Ал сол бұлақ суынан ішіп, беті-қолын жуған адам көз ауруынан құлан-таза айығатын болыпты. Сөйтіп халық бұл бастауды «Көз ата бұлағы» деп атап кеткен екен. «Осы әулиелі орында шырақшы болғаныма 12 жылдан асты. Шын ниетпен, тазаланып, бір Аллаға сеніп келгендерге судың шипасы мол. Өз басым он бір адамның көз дертіне шипа тапқанына куә болдым. Көз тигендер де ниеттеніп келсе тазарып қайтады»,– дейді Тағай Сейітжаппарұлы.
Осы ретте көпшіліктің қызығушылығына ие бола алатын ауданның туристік имиджін қалыптастыру үшін бүгінде өңірдің танымалдылығын және аудан туралы ақпараттар ағынын көбейту шаралары қолға алынуда. Төлебидің әсем табиғатын өзге шет мемлекеттер мен туристер алдында жағымды имиджін қалыптастыру үшін атқарылған жұмыстар да аз емес. Төлеби ауданы әкімдігі мамандарының хабарлауынша, алдағы уақытта жаңа туристік бағыттар әзірленіп, аймақтың туристік инфрақұрылымын арттыруға баса назар аударылмақ.