Кеңсетөбеде 11 көшенің ойылған жолдары демеушілер есебінен жөнделді
Жол - әлеуметтік-экономикалық тұрғыда маңызы өте зор. Жол арқылы адамдар бір-біріне қатынап, алыс-беріс жасайды. Сауда жүреді. Жол - қос өңір арасындағы күре тамыр тәрізді. Бір-біріне керектіні жеткізеді. Айшылық алыс жерлерді жақындатады. Әсіресе ауыл ішінде жолдар салу өте маңызды. Жол түскен жерде тіршілік оянады, қыз-қыз қайнайды.
Осы орайда соңғы жылдары Бәйдібек ауданында жол мәселесі оң шешімін тауып келеді. Тиісті мекемелер тарапынан жол сапасына баса мән берілуде. Тесілген жолдар жөнделіп, тұрғындар тақтайдай тегіс жолда зу-зу етіп жүруіне жағдай жасалуда. Түзу жол - тұрғындардың көңіл-күйін көтереді. Бойдағы негативті алады.
Көктерек ауылдық округінің орталығы Кеңестөбе елді мекеніндегі 7,3 шақырымды құрайтын 11 көшедегі жолдың ойылған шұңқырларына демеуші арқылы асфальт төселді. Демеушілік көрсеткен «Нұрдәулет ЛТД» ЖШС-гі жолдарды жөндеуге мекеменің техникаларын жұмылдырып, 30 тонна асфальт жұмсаған. Жұмыс сапалы жүргізілді. Алдағы жауынды-шашынды күз, қаһарлы қыс мезгілінен жолдар шұрқ тесікке айналмай шығады деп жоспарланып отыр.
Елді мекеннің ішкі көшелерін жөндеу жұмыстарына ауыл тұрғындары да белсенділік танытып, бұзылған жолдарды ретке келтіруге көмек көрсетілді.