Шымкент тарихы туралы кітап жарыққа шықты

Screenshot_68.png

Кітап – ешқашан құнын жоғалтпайтын рухани байлық. Жақында Шымкент туралы кітап жарық көрді. Онда Шымқаланың пайда болуы мен қалыптасуы, ғасырлар безбенінде шаһардың кімдердің иелігінде болғандығы, түркілер заманында және Шыңғыс хан мен Ақсақ Темірдің һәм Қазақ ордасының құрылу кезеңдерінде шаһарда орын алған оқиғалар, XVI-XIX ғасырларда Бұқар, Қоқан хандықтарының басқыншылығына, қазақ-қырғыз қақтығысына, Ташкент билеушісі Жүнісқожа бектің шапқыншылығына, орыс отаршылдығына қатысты деректер рет-ретімен нақты әрі қысқаша түрде тізбектелген. Бұдан бөлек, қаладағы әрбір нысан, тарихи ескерткіштер мен қаланың дамуына қызмет еткен тұлғалар назардан тыс қалмаған.

Момбек Әбдіәкімұлының көп жылғы еңбегінің нәтижесінде жарыққа шыққан кітап архивтік материалдарға, көне қолжазбалар мен ескі ғылыми жәдігерлерге сүйеніп жазылған. Сонымен бірге тарихи фактілер мен даталар құрғақ баяндаулардан ажыратылып, оқиғалар барысы көркем тілмен көмкерілген.

Тарихи кітап Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың алғы сөзімен және белгілі тарихшы ғалымдар Мәмбет Қойгелді мен Бахтияр Смановтың пікірсөздерімен басылған.