Үшінші мегаполис мақтанышы атанды
Театр — сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі. Ешбір өнерді тілек, құрғақ бұйрық туғызбайды. Қай елдегі, қай түрдегі өнерді алсақ та сән-салтанатпен ырғалып-жырғалып, бір күннің ішінде ғайыптан көшіп келген жоқ. Барлығы да болымсыз кішкене ұрықтан жайлы топыраққа көміліп, белгілі шартпен бағылып, қағылған уақытта ғана бой жасап өсіп-өнген.
Шымкент қалалық опера және балет театрының солисі Айбек Қанатбекті екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Қырғызстан Республикасының Мәдениет, спорт және жастар саясаты министрі К.Иманалиев арнайы Грамотамен марапаттады.
Марапат Айбек Қанатбекке Қырғызстанның халык әртісі Н.Тұрсунбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған концертте табысталды.
Театр солисі Шымкент қалалық опера және балет театрында 2017 жылдан бері қызмет жасап келеді. Репертуарындағы қойылымдарда жетекші партияларды сомдап жүрген опера солисі, көптеген республикалық байқаулардың лауреаты.
Көрерменге Бекежан (Е.Брусиловский «Қыз Жібек»), Дон Базилио(Дж.Россини «Севильдік шаштараз»), Эскамильо, тореадор (Дж.Бизе «Кармен»), Граф Данило (Ф.Легар «Көңілді жесір» опереттасы) сынды жарқын рөлдермен танылған.
Қазақ елінің мәртебесін көтерген, Шымкенттің мақтанышы, опера өнерінің жарық жұлдызы Айбек Қанатбекке шығармашылық шабыт, мол табыс тілейміз. Өнеріңіз өрлей берсін.