Жаңарған гүлзар қала сәнін беріп тұр
Үшінші мегаполисте тұрғындардың демалуына қолайлы орындар саны тағы бір гүлзарға артты. 8 шағынаудандағы гүлзардың құрылыс жұмыстары өткен жылы аяқталған еді. Шымқалалықтардың демалуына арналған гүлзарды жаңғырту жұмыстарымен «Шымкент Жасыл қала» ЖШС айналысқан болатын. Гүлзар тұрғындарға ұнады. Олар үшін бұл жер жылдың төрт мезгілінде де демалуға ыңғайлы.
Мұнда халықтың тынығуына жағдайдың бәрі жасалған. 3606 метрге көгал егіліп, 100-ден астам қылқан жапырақты қырым қарағайының көшеттері отырғызылды. Сонымен қатар 25 орындық, 27 жарық шам, 25 қоқыс жәшігі орнатылған. Көз тартатын сұлу келбетке ие болған орын суару жүйесімен де қамтылған.
– Соңғы кезде қаламыз көркейіп келеді. Шымкентте ұлттық нақышта безендірілген аллеялар, демалыс орындары көбейді. Көше бойлары жарықтандырылып, қала заманауи үлгіде дамуда. Осыдан он жыл бұрынғы Шымкент пен қазіргі қаланың келбетін салыстыруға келмейді. Өйткені қала көркі ол кездегіден әлдеқайда көркейгені байқалады. Сондықтан қала әкімі Мұрат Әйтеновтің шаһарға жасап жатқан жұмыстарына көңілім толады. Үй маңында да гүлзардың болғанына қуаныштымын.
Шынын айтқанда бұрын бұл аймақта жүріп-тұру қиын болды. Көшеде жүрудің өзі қолайсыздық тудыратын. Тіпті бұл маңға бәрі көлігін қоятын. Қазір жаңа гүлзар шағынаудан тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналды. Талап-тілегімізді ескерген қала, Абай ауданы әкімдігіне алғысымды айтамын, – дейді қала тұрғыны Қалипа Кожахметова.
Шаһардың келбетіне сұлулық сыйлайтын орынның көркейту-көгалдандыру жұмыстарына «BUILD STROY» мердігер мекемесінің жұмысшылары тартылған. Жұмылдырылған 11 адам гүлзарды суарып, шөбін орады. Жасыл желектерді дәрілейді.
– Мұндағы әрбір ағашқа баламыздай қараймыз. Көгалдың жасыл күйінде тұруын қадағалаймыз. Бірақ қала тұрғындарының тазалық жөніндегі мәдениетін көтеру керек деп ойлаймын. Қоқыс жәшіктеріне оңды-солды тұрмыстық қатты қалдықтарды тастамай, еңбегімізді бағаласа, – дейді мердігер мекеменің әкімшісі Гүлмира Сарыпбекова.
Шымкент – бүгінде үшінші мегаполис. Жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен төзімділігі көпке үлгі. Қандай жаңашылдықтың болса да осы қаладан бастау алып жататыны баршаға аян. Осылайша жасыл қала жасарып, саябақтар мен гүлзарлардың саны артып келеді.