Кәсіп бастап нәсібін көрген келіншек
Елімізде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы басталғалы кәсіпкерлікке бет бұрушылардың қатары артқан. Солардың бірі шымкенттік Балзия Үсербаева бағдарламаның шарапатын көріп отыр.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы көп балалы ана 2020 жылдың соңында «Бастау бизнес» курсын оқып, сертификат алады. Содан көп адам таңдай бермейтін мал бордақылау бағыты бойынша бизнес жоспары мен басқа да құжаттарын әзірлеп, қайтарымсыз мемлекеттік грант алу үшін қалалық жұмыспен қамту орталығына өткізеді. Арнайы комиссия үміткердің жоспарын қарап, оң бағасын берді. Нәтижесінде жерлесіміз 555 650 теңге (200 АЕК) көлеміндегі грантқа ие болды. Балзия Үсербаева бұл қаржыға 10 бас қозы сатып алып, бордақылауға кіріседі. Бүгінде көп балалы ана айына 3 қойдан сатып, пайдасын көріп келеді. Осылайша кәсібін бастап, тірлігін жүргізіп келіншектің бұл бастамасы көршілеріне де үлгі болады.
– Бала тәрбиесімен біраз уақыт үйде отырып қалдым. Бес баланың тәрбиесі, тамақтануы мен сабағы, оларды киіндіру сияқты күнделікті күйбеңмен жүріп, жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Ал олар жыл өткен сайын өсіп келеді. Балалардың жоқшылықтан қиналып өскенін елестетудің өзі қиын. Сондықтан бойда күш бар да оларды тарықтырмау – біздің ата-аналық парызымыз. Сол үшін жолдасымның бір айлығына қарап отырмай, өз кәсібімді ашуға бел будым, – дейді грант иегері.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметінше, 2020 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты шеңбері аясындағы жаппай кәсіпкерлікті дамыту шараларына 7 722 адам қатысты. Оның ішінде 74 адам шағын несие алса, 4 828 адам қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізді. Ал «Бастау бизнес» жобасына 2 820 адам жолданып, оқып шықты. Ал биыл қаңтардан бері осы жоба арқылы 600 азамат мемлекеттік грантқа қол жеткізді.