Кәсіпкер сыйға тартқан алаңша
Үшінші мегаполисте спорт алаңшаларының саны артуда. Күні кеше тағы екі ойын алаңшасы ашылды. Салтанатты іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев, меценат Серік Төлбасов, жергілікті тұрғындар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Спорт алаңшалары соңғы талаптарға сай салынған, сапалы. Осылайша мұндағы үйлердің балалары мен жастары заманауи, жайлы және қауіпсіз жағдайда спортпен шұғылдануға жағдай жасалып отыр.
– Алаңшаларды ел игілігіне берген кәсіпкер Серік Қарабекұлына қала жұртшылығы, қала әкімдігі атынан алғыс айтамын. Бұл – жалғыз алаңша емес, Текесу елдімекенінде тағы бір осындай алаңша ашылады. Ал алдағы уақытта Серік Төлбасов қоры Шымкентте 7 спорт алаңшасын салып бермек. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді Мақсұт Пернебайұлы.
Серік Төлбасов қоры Шымкент қаласы әкімдігінің спорт алаңдарын салу жобасын қолдау мақсатында МЕМСТ талаптарына сәйкес келетін бірнеше спорт алаңшасын салуға 100 000 000 теңге қарастырып отыр. Құрылысты «Ферротекс» ЖШС және «Барс» компаниялары жүргізген.
– Болашақ – жан-жақты дамыған жастардың қолында. Сондықтан, біз, бизнес өкілдері, білімді, мәдениетті, салауатты өмір салтын ұстанатын жастарды тәрбиелеуге қол ұшын созып, қолдауымыз қажет. Осындай ұсыныс жасаған Шымкент қаласының әкіміне алғыс айтамыз. Кешенді қысқа мерзімде салып біттік, – деді кәсіпкер Серік Төлбасов.
Жаңа спорт алаңшасында бір мезгілде футбол, фитнес, волейбол, баскетбол сияқты бірнеше спортпен шұғылдануға болады, заманауи еден жабыны бар, қоршалған.
Айта кету керек, Серік Төлбасовтың 2007 жылы негізі қаланған жеке қоры қала әкімдігінің спорт алаңшаларының санын көбейту жөніндегі ұсынысына бірінші болып үн қосқан.