Жанғақтан түйме, жантақтан ине түйеді
«Shymqala» этноауылда ұлттық музыкалық аспапты жасаудан қолөнер шебері Сәдібеков Қожабектің шеберлік сағаты өтті. Қаламыздағы мектеп оқушылары шеберлік сағатқа белсенді қатысып, ұлттық музыкалық аспаптарға қызығушылықтары артып, рухани азық алды. Көпшілік домбыраның түр-түрімен танысып, қолына алып шерткенімен қоймай, 1-2 ән мен күйді тартып салды. Домбыра жасаушы шеберлер көп, ал хас шеберлер аз. Сәдібеков Қожабек сол аз хас шебердің бірі. 20 жылдан бері домбыра жасауды кәсіп еткен. Бүгінгі күнге дейін қаншама шәкірт тәрбиелеген.
Біз шеберден домбыраны қандай ағаштан жасайтынын және жасаған домбырасының өзге шеберлерден қандай айырмашылығы барын сұрадық.
– Жергілікті ағаштардан жаңғақ немесе қарағашты пайдаланамын. Сонымен қатар Канада мен Индонезиядан келетін қызыл ағаш, венге, палисандр деген ағаш түрін алдыртамыз. Ең бастысы ағаш әбден кептірілуі тиіс. Яғни, арасында сөлі, шайыры болмаған дұрыс. Домбыраның әрбір бөлігі бір-біріне тәуелді. Сондықтан шанағы да, мойны да, беті де, ішегі де, бәрі-бәрі мықты болуы керек. Сонда дыбыс бояуы қанық, үні таза шығады. Бұрын домбыраның ішегіне малдың ащы ішегін пайдаланған ғой. Ішекті тазалап, екі-үш күн тұзға салып қойып, жайлап кереді. Бір-біріне өріп, шиыршықтап, ширатады. Өте жіңішке болғанымен күй күмбірлеп шығады. Екі-үш домбырама малдың ішегін қолданғанмын. Бірақ ол ұзақ шертуге жарамайды, тез үзіліп қалады. Біз қазір германиялық жасанды ішекті пайдаланамыз. Домбырада күнделікті ойнайтын музыкалық мектеп немесе колледж, жоғары оқу орнының студенттері және күйшілер домбыраның ішегін алты айда ауыстырып тұрғаны дұрыс. Әйтпесе ол, жіңішкеріп кетеді. Күй мен әннің домбырасы екі бөлек болады. Күйге арналған домбыра сазды келеді. Дыбыс созылып шығуы керек. Әндікі дауысы анық, қатты болады. Бұдан өзге әр шебердің домбыра жасауда өз әдіс-тәсілдері бар. Мен ұзақ уақыт тәжірибе жасап жүріп, бір ерекше әдіс таптым. Бірақ құпия, кез келген жанмен бөлісе бергім келмейді. Домбыра жасауға қызығушылығы бар жас жігіттерді қайтадан жаныма жинап, үйреткім келеді, – дейді шебер.
Бүгінгі шарада жастарға ұлттық музыкалық аспаптар насихатталып, ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғырды. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын іс-шаралар алдағы уақытта да "Shymqala" этноауылында көптеп ұйымдастырылады. Қала тұрғындары мен қонақтарын "Shymqala" этноауылын тамашалауға шақырамыз.