Ауылшаруашылық өнімінің экспорт көлемі 39 млн $ құрады
Қазақстанның аграрлық саласын тұрақты дамып жатқан әрі әлеуеті зор, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған, сонымен бірге азық-түлік тауарларының және шикізаттың негізгі түрлерімен ішкі нарықтың қажеттіліктерін толығымен қамтамасыз етіп отырған сала ретінде сипаттауға болады.
Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қаланы толық қамтамасыз ету - басты назарда. Шымкент қаласының әкімі бұл бағытта 2 бірдей агро-индустриалды аймақ құрылып жатқанын айтты.
Бірі – заманауи өнеркәсіптік жылыжай кешені, екіншісі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы. Қазір екі агроөндіріс аймағының да жобалау-сметалық құжаттары жасақталып жатыр.
«Бүгінде Шымкентте агроөнімдерді өңдеуге басымдық берілуде. Осы жылы ауыл шаруашылығында жалпы құны 24 млрд.теңгені құрайтын 32 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Есепті кезеңде 12,8 млрд.теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,2 пайызға артты. Салаға бағытталған экспорт көлемі 39 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 10% артық» - деді қала басшысы.
Осылайша, Қазақстан экологиялық тұрғыдан таза ауылшаруашылық өнімдерін экспорттаушы мемлекетке айналуы мүмкін.