Интернет желісінде Шымкент туралы сұраным артқан
Шымкент қаласының туристік әлеуеті артып келеді. Оған себеп - қалада көптеген нысандар салынуда. Республикалық деңгейдегі құрылыс компаниялары Шымкенттен тұрғын үй кешендерін жаппай салуда. Бұл қаланың экономикалық және туристік әлеуетін көрсетеді. Алдағы уақытта қалаға ағылатын туристер саны артпақ. Осыған байланысты туристерді ақпараттандыру, туристерге қызмет жасайтын түрлі коммерциялық орындармен келісім жасау аса маңызды. Ал бұл жұмыспен "Visit Shymkent" туристік ақпарат орталығы айналысады. Орталық директоры Айдарәлі Рамановтың айтуынша, туристер ең бірінші кезекте жайлылықты іздейді.
– Қаламыздың туристік әлеуетін арттыру үшін біздің туристік кәсіпорындарымыз бәсекеге қабілетті болуы қажет. Ең алдымен тазалыққа назар аударса дейміз. Өйткені ең көп айтылатын мәселе – тазалық. Қауіпсіздік екінші орында тұр. Кейінгі мәселе ол жалдамалы пәтерлерді салық төлеуге міндеттеу. Сол арқылы келіп жатқан туристер жайлы ақпарат алып отыруды көздейміз. Туристерді арзаншылықпен шақыра алмаймыз. Шаһардағы жайлылық пен меймандостығымыз арқылы тарта аламыз. Бізде көрсетуге тұрарлық һәм мақтан ететін жерлеріміз бар. Алайда қанша жерден ауқымды жобалар жасалғанымен халықтың мәдениеті соған сай дамымаса, оның бәрі бекер. Шымкентте биыл алғаш рет шахматтан ұлттық ел чемпионаты өтті. Қаламыз еліміздегі туристер баруға ұсынылатын топ-10-ға енді. Бұрын Шымкент жайлы интернет желісінен миллион төңірегінде ғана сұрау болса, қазір бұл көрсеткіш едәуір артқан. Visit-shymkent.kz порталы көмегімен насихат жұмыстары жалғасуда. Қоғам және әлеуметтік желі белсенділері арқылы да қаладағы барып көруге тұратын 10 туристік нысанды ұсынып жатырмыз. Ол нысандарды барлық қала тұрғыны білуге міндетті, - дейді орталық директоры.
Осыған байланысты көптеген жобалар қолға алында. Алдағы уақытта туристерге жайлы жағдай жасалып, Шымкент қаласы республикадағы туризм орталығына айналуға мүмкіндік мол.