Шымкентте тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылады
Шымкентте өнеркәсіп кешендерінің 20 пайызы тамақ өнеркәсібін құрайды. Мегаполис статусын алғалы ауыл шаруашылығына арналған жер алқаптарының көлемі де жыл сайын азайып барады. Дегенмен агрокешенді шаруашылықтардың кең өріс алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған.
Соның бір дәлелі болар бүгінде Шымкентте ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы бой көтермекші. Индустриалды аймақты құру үшін 132 гектардам астам жер телімі қарастырылып, бүгінгі таңда жер иелерімен келіссөздер жүргізу нәтижесінде мемлекет мұқтажына қайтару келісілді. Аймаққа инфрақұрылым тарту жұмыстары бойынша техникалық экономикалық негіздеме дайындалып, бюджеттен қаржы қаралды.
Индустриалды аймақ екі кезеңде іске асатын болады. Бірінші кезең 2022-2023 жылдары жүргізілсе, екінші кезең 2023-2025 жылдары жүзеге асырылады. Мәселен, келер жылы биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісін салу және сүт өндіру зауытын салу, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін және консервілеу сынды кәсіпорындар салу бойынша 6 инвестордан өтінім түскен. Олардың жалпы құны 6,7 млрд. теңгені құрайды. Жаңа 600-ден астам жұмыс орны ашылатын болады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында агро-өндірісте қордаланған мәселелерді шешіп, тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстарды күшейтуді айтқан болатын.
Жоғарыда аталған қайта өңдеу кәсіпорындары іске қосылғанда Шымкентте сүтті қайта өңдеу өндірісінің үлесі 42 пайыздан, 48%-ға дейін, жеміс-көкөністің қайта өңдеу үлесі 6 пайыздан, 21 пайызға артатынын айтады мамандар.
Қайнарбұлақ тұрғын алабында орналасатын индустриалды аймақта 23 млрд. теңгеге 21 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.