Инвестор қаржысының 25% субсидияланады
Шымкентте өнеркәсіп саласымен бір мысқал да қалыспай қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі – ауылшаруашылығы. Салада тың жобалар аз емес. Шымкенттің инвестициялық мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану мақсатында ауылшаруашылығы саласына инвестор тарту мәселесі жандана түскен. Салаға қызығушылық танытқан инвесторлар да аз емес. Оларға тиімді жоба ұсына білуде сала мамандары қарап қалмауда. Мысалы, инвестициялық субсидиялау бағдарламасына сәйкес «5 гектардан басталатын қарқынды алма бағын отырғызу» жобасы барысында трактор, бақ бүріккіш, аспалы культиватор, шөп шабатын, жеміс жинайтын машина, кесуге арналған жабдық, тыңайытқыш енгізуге арналған құрылғы сатып алынған. Аталған техника құнының 25 пайызына субсидия төленеді.
Инвестор өз қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасын, машиналары мен жабдықтарын сатып алса, шығынның 25% субсидияланады.
— Әсіресе, саланы цифрландырудың тиімділігін уақыт көрсетіп жатыр. Бүгінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің субсидиялауға арналған www.qoldau.kz электрондық сайты жұмыс істеп тұр. Мәселен, портал арқылы аванстық төлеммен субсидия алу үшін Қағиданың №2 қосымшасына сәйкес, кредиттік комитеттің оң шешімінің қаржы институты растаған көшірмесін, жылыжай кешенінің жабдықтарын жеткізуге және орнату туралы келісімшарт көшірмесі және қаржы ұйымының субсидия алу туралы хабарлама хат көшірмесін тіркей отырып өтінім тапсырады.
Енді жылыжай кешенін салу және кеңейтуге арналған №12 паспорты бойынша жобаның жобалау-сметалық құжаттамасы талап етілмейді.
Бұл ретте жоғарыда аталған мәселені шешу үшін аванстық субсидиялау мүмкіндігін анықтап беру туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы хат жолданды, - дейді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар ҚАНЫБЕКОВ.