Шымкент: 8 айда инвестиция көлемі 32,5 пайызға артты
Бірден айта кету керек, Шымкент – республикалық маңызға ие мегаполис болғалы қала аумағында 2,3 млрд. АҚШ долларын құрайтын 17 шетелдік инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл негізінен Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Польша, Германия, Өзбекстан елдерінен келген шетелдік инвесторлар. Айта кетелік, шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асқан ірі жобаларға «Петро Казахстан Ойл Продактс» ЖШС-інің –Шымкент мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғырту жобасы, құрылыс материалдарын өндіру саласында –«Шымкентцемент» АҚ, «Gold Aluminum» ЖШС, фармацевтика саласында – «Химфарм» АҚ, кондитерлік өнім өндіруде – «Рахат-Шымкент» ЖШС, жеңіл өнеркәсіп саласында – «Бал текстиль», «СП «Lux Shoes» ЖШС, «Умалп» ЖШС, «Кирал Достық» ЖШС, металлургия саласында – «Shymkent Smelting» ЖШС, баламалы күн электр станциясы саласында «Авелар Солар Технолоджи» ЖШС және тағы басқа кәсіпорындар жемісті жұмыс жасауда.
Ал биыл соңғы сегіз айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 201,1 млрд теңгені құрап, 32,5 пайызға артып отыр. Оның ішінде мемлекеттік бюджеттен 57,5 млрд. теңге, жеке көздерден 143,6 млрд.теңге инвестиция тартылғаны белгілі.
Былтыр дәл осындай уақытта бұл көрсеткіш 147,9 млрд. теңгені құраған. Жекеменшік инвестицияның үлесі 56 пайыз шамасында болатын.
Инвесторлар тек өнеркәсіп саласына ғана емес, тұрғын үй құрылысы, ауылшаруашылығы, байланыс, медицина, білім, спорт, көлік қатынасы сияқты экономиканың түрлі салаларына қаржы салуда.
Қалада жыл басынан бері инвестиция құны 12,6 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асқан. Олар «Оңтүстік», «Тассай» индустриалды аймақтары мен Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Осылайша жаңадан 200-ден астам жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық мәселесі біртіндеп азайып келеді.