Мәртөбенің мәртебесі биік

Screenshot_4.png

Шымқалаға келе қалсаңыз, шаһардың көрікт, тарихи, қонақжай орындарымен танысу үшін барлық жағдайдың жасалғанын біле жүріңіз. Үшінші мегаполис­ке келген туристер мен қонақтар гидтің көмегімен екіқабатты экскурсиялық ав­то­буспен қаланы аралап, тамашалай алады. Сапар барысында мамандар қала та­рихымен, тарихи ескерткіштермен таныстырады. Бір кеште танысып шығуға барлық мүмкіндік жасалған. 

Туристердің жиі баратын киелі орындардың бірі -  Мәртөбе кешені. Шымкент қаласының аумағында 110 туристік нысан бар. Оның ішінде жеті тарихи нысан республикалық маңызы бар «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына енген. Мұның ішінде  Мәртөбе кешені де бар. Бұл кешен бүгінде танымал туристік бағыттардың біріне айналып отыр.

Мәртөбе кешені Қаратау ауданының Сайрам тұрғын алабы мен Қарамұрт ауылының аралығында орналасқан. Бұл - ҮІІ-ХІІ ғасырлардағы қалашықтың орны. 20х30м өлшемді цитадель. Биіктігі - 6-7 м, төбесі - тегіс. Мұнда ХҮІІ ғасырда билік басына келген Есім ханнан бастап, ХҮІІІ ғасырдағы Тәуке хан тұсына дейін алты алаштың баласы бас қосып, билер кеңес құрған. «Есім ханның ескі жолы» және «Жеті жарғы» да осы маңда талқыға түсіп, жарияланған. «Жеті жарғыны» қабылдар сәтте қазақтың атақты би-шешендерінен 12 би, олардың қатарында Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билерден өзге Жайма, Сасық, Көкім билер да қатысқан. Мәртөбенің Ұлы дала парламенті аталуы осыдан.

Бұл нысанның тарихын тереңірек білу мақсатында былтырдан бері 70 мыңнан астам турист келген. 

Айта кетейік, өткен жылдың қазан айында Мәртөбе тарихи кешенінде келешек ұрпаққа жолдау жазылған капсула қаланған болатын. Келешек ұрпаққа өз жолдауын сот қызметкерлері қалдырған еді. Онда 14-15-ғасырлардан бастау алған қазақ елінің заңнама тарихы мен егеменді еліміздің бүгінгі Заң үстемдігі баяндалған.


®Diagnews.Kz
Бөлісу тақырыбы: Мәртөбенің мәртебесі биік