«Visit Shymkent»— мегаполис «визиткасы»
«Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы бүгінде мегаполистің «визиткасы» іспетті. Орталық қаладағы бөлімшелерінен өзге, оның туристерді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған «Visit-Shymkent.kz» туристік порталы мен мобильдік қосымшасы аз ғана уақыт ішінде қала қонақтарының компосына айналып үлгерді. Портал арқылы қала аумағында болып жатқан мерекелік іс-шараларға, тарихи-мәдени нысандарға, театр қойылымдарына билет ала аласыз.
— Портал қолөнершілердің бұйымдарына тапсырыс беруге, қалаға ұшып келетін рейстер таблосын көруге, ұшақ және темір жол билеттерін сатып алуға, гид-экскурсоводтардың қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді. Онлайн платформалардың пандемия кезінде қоғамдағы маңызы арта түсті. Шымкентте 87 туристік ұйым, 10 саябақ, 7 музей, 25 әлеуметтік-мәдени нысан, 5 театр, 12 сакралды нысан, 11 сауда, ойын-сауық орталығы, 5 діни нысан, 18 аквапарк және 4 табиғи су көзі орналасқан. Аталған нысандардың барлығы дерлік қалаға келетін туристерге қызмет көрсетеді, - дейді «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы баспасөз бөлімінің қызметкері Жұлдыз Жасұзақ.
Портал арқылы түрлі мәдени нысандарға 38 414 билет сатып алынған. Ал, сайттың іздеу жүйесін 72 мыңға жуық адам пайдаланған. Қолданушылар қатарын ҚР азаматтары ғана емес, ТМД елдері және шетел азаматтары да құрайды. Жалпы бүгінгі күнде бағдарламаны жүктеп алушылар саны 1000-ға жуықтаса, қызмет көрсету саны 130 мыңнан асқан. Сондай-ақ, орталық тәулігіне 200-250 туристке үш тілде қызмет көрсете алады. Call-орталық қызметі де тәулік бойы қолжетімді. Тіптен, мұнда мобильді байланыс қызметін оңтайландыру үшін SIM-картаны жүйелеу жұмысы да қолға алынған.