Шымкент-туристер мекеніне айналып келеді
Шымкент-туристер мекеніне айналып келеді. Осы саладағы жұмысты жүйелеу үшін биыл өзге өңірлермен 20 меморондумға қол қойылды. Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров осы саладағы оң өзгерістерді баспасөз мәслихатында атап өтті.
Үшінші мегаполиске 6 ай қорытындысы бойынша 160 мыңға жуық турист келген. Түскен табыс көлемі 9,5 млрд. теңгені құраған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 2 есеге арттыру, яғни 19 млрд. теңгеге жеткізу көзделуде. Ал, былтыр Шымкент қаласына келуші турист саны 213 394 адамды құрап, туризм саласынан қала экономикасына түскен табыс көлемі 12,8 млрд. теңгеге жеткен болатын.
Шымкент қаласының Қазақстанның 8 өңірімен және 4 халықаралық бағытта тікелей әуе қатынасы бар. Жалпы басқарма 4 бағытта жұмыс жүргізуде. Маркетингтік ілгерілету, туристік инфрақұрылымды жетілдіру, «Креативті индустрияны» дамыту, сыртқы байланыстарды дамыту және ынтымақтастықты нығайту-бір жүйеге түскен.
Шымкенттің көрікті жерлерімен таныстыру мақсатында осы жылдың қаңтар айында «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы ашылған. Бұл орталық жыл басынан бері 115 тегін экскурсия ұйымдастырып, 11 мыңға жуық туристке қызмет көрсетті.
Ал «visit-shymkent.kz» туристік порталы мен мобильді қосымшасына қазіргі таңда қала аумағындағы 700-ден аса туристік сала өкілдері мен нысандары енгізілген. Портал арқылы түрлі мәдени нысандарға 38 414 билет сатып алынған.