Халықаралық бағытта 4 әуе қатынасы жүруде

Screenshot_10.png

Шымкент қаласында Халықаралық бағытта қазіргі таңда 4 әуе қатынасы жүзеге асырылған. Атап айтқанда, Стамбул, Мәскеу, Кутаиси және Шарджа қалаларына жолаушылар тікелей қона алады. 

Еліміздің үшінші мегаполисінде Халықаралық бағыттардан бөлек Қазақстанның өзге өңірлерімен де тікелей байланыс бар. Ішкі туризмді дамыту мақсатында 8 өңірмен, атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Орал және Семей қалаларымен тікелей әуе қатынасы бар.  

Шымкент қаласы Туризм және сыртқы байланыстар басқармасына қарасты «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы тарапынан Шымкент қаласына келушілерге 17 туристік маршрут әзірленген. Орталық 17 маршрут бойынша 115 тегін экскурсия ұйымдастырып, 11 мыңға жуық туристке қызмет көрсетті. Орталық базасында қаладағы халық көп шоғырланатын нүктелерде 7 ақпараттық киоск орналастырылған. Ал, туристерді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында іске асқан VISIT-SHYMKENT.KZ туристік порталы мен мобильді қосымшасына қазіргі таңда қала аумағындағы 700-ден аса туристік сала өкілдері мен нысандары енгізіліп, портал арқылы түрлі мәдени нысандарға 38 414 билет сатып алынған.  

Жалпы, бүгінде Шымкент қаласында тұрғындар мен туристер үшін 125 орналастыру орны, 1216 тамақтану орны, 87 туристік ұйым қызмет көрсетуде. Жыл соңына дейін қалаға келушілер санын 300 мыңнан асыру жоспарланып, қала экономикасына түсетін табыс көлемін екі есеге арттыру көзделген.