Шымкентте әлем деңгейінде тәжірибесі бар бағдарламалау мектептері ашылады

Screenshot_12.png

Жыл соңына дейін Шымкент қаласы әкімдігіне тиесілі мемлекеттік қызметтердің бизнес процестері 100 пайыз автоматтандырылып, «EgovMobile» қосымшасына кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл туралы ақпараттық коммуникациялық орталығында өткен жиында Шымкент қалалық Цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде  Шымкент қаласының аумағы 2025 жылға дейін талшықтық-оптикалық байланыс желісімен қамтылып, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары және көршілес Өзбекстан, Тәжікстан Республикасын сүйемелдеуге қуаттылығы жететін аймақаралық Data Center құрылмақ.

Сонымен қатар, 2025 жылға дейін әлем деңгейінде тәжірибесі бар 2 кәсіби бағдарламалау мектептері ашылады деп күтілуде.

Айта кетейік, қазіргі таңда қала аумағындағы елдімекендердің барлығы дерлік сапалы интернетке қосылған. Айталық Қаратау ауданына қарасты 4 мыңнан астам үйі бар Ақжайық шағынауданын оптикалық желі арқылы сапалы интернетпен қамту үшін қалалық цифрландыру басқармасының тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылып, жеке инвесторлармен келісімдер жүргізген болатын. Бүгінгі күні, «i-LinkNet» ЖШС мекемесі шағынауданға талшықты оптика желісін толық жүргізді. Төрт мыңға жуық үйге 400 шақырымдық абоненттік кабель тартты. Ондағы өтініш қалдырған 400-ден астам отбасы жоғарғы жылдамдықты сапалы интернетке қол жеткізді. Сонымен қатар, мердігер компания Достық шағынауданына да талшықты оптика желісін тартты. 2500-ге жуық үйге талшықты оптика желісі және 200 шақырымды қамтитын абоненттік кабель жүргізілді. Бұдан өзге Асар, Самал-3 және Нұртас шағынаудандары талшықты оптика желісімен қамтылған.