Мәслихат депутаты «Рахат-Шымкент» ЖШС жұмысмен танысты
Бүгін Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Наргиза Керімбаева 75 жылдық тарихы бар атақты «Рахат» фабрикасының Шымкенттегі «Рахат-Шымкент» ЖШС жұмысымен танысты. Аталған серіктестік 2015 жылдан бастап жұмыс істейді.
2020 жылы аталмыш өндіріс орнында тамақтан улану жағдайы тіркелген болатын. Сондықтан мұндай келеңсіздік орын алмау үшін Наргиза Керімбаева жұмысшылардың жағдайымен танысып, кемшіліктерді ескертті. Қазіргі уақытта асханада 4 аспазшы жұмыс істеп, барлық санитарлық талаптар сақталған. Дегенмен асханада көп қызметкерлер тамақтанбайтынын байқаған мәслихат депутаты бас аспазшыға ас мәзірін жақсарту бойынша ұсыныстарын айтты.
Жол картасының 60 - тармағында 80 мың тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Ал «Рахат-Шымкент» ЖШС 1000-ға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Әр жаңа желі іске қосылғанда, жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмысшылар қатары толығып отырады.
Өндірістік цехтарда еуропалық өндірушілердің жаңа заманауи жабдықтары орнатылған. Кәсіпорынның өндірістік алаңы кезең-кезеңімен қосымша 12 жаңа технологиялық желіні орнатуға мүмкіндік береді. Болашақта «Lotte» желісіндегі өнімдерді шығару мүмкіндігі қарастырылуда.
Өндіріс орны экономиканың азық-түлік өнеркәсібі секторын дамытуға игі әсерін тигізіп, өз кезегінде ел экономикасының дамуына ықпал етеді.